ШЫМКЕНТ: БИЫЛ ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАР 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Қаратау ауданында халықтың 98 пайызы ауыз су, электр жарығымен  қамтылса, табиғи газ 96-пайызына қол жетімді. Бұл жайлы аудан әкімі Рақымберді Мүлкеманов хабарлады.

«Сайрам, Қызылсу, тұрғын алаптарында, Бозарық саяжайындағы жаңа құрылыс аумағында ауыз су тарту жұмыстары жүріп жатыр. 10-мамырдан бастап, Сайрамдағы суды қосып тапсырып жатыр. Осы елдімекенді біткеннен кейін, жалпы ауыз сумен қамту ауданымызда 100 пайызға жетеді деп отырмыз.  Кей тұрғындар осыны түсінбейді. Үйіміздің алдына су келмеді, неге 100 пайыз деп айтасыз дейді. Жаңа құрылыс аумақтарына су кезең-кезеңмен жеткізілетін болады»,— деді Рақымберді Жанысбекұлы.

Сонымен қатар, ауданда электр жарығын тарту бойынша Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағында, Сайрам тұрғын алабында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен. Ал табиғи газбен қамту жұмыстары Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Мәртөбе, Мирас елдімекендерінде жүріп жатыр.

Халық қатысатын бюджет аясында болса, 21 балалар ойын алаңшасын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек қала шетіндегі елдімекендерге 9 спорт алаңшасын салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңы анықталып нақтыланған.

Ал Шапырашты, Өтеміс, Тұран-2, Бозарық, Нұртас шағын аудандарында биыл кішкентай аллеялар салу жоспарланып отыр. Бұдан өзге 266 көшеге жарық беру жұмыстары да жыл соңына дейін жүретін болады.

Қауіпсіздік үшін 130 бейне бақылау камрасын аудан аумағында орнату көзделуде. Себебі, камералардың арқасында қылмыстардың орын алу фактілері азайып, күдіктілерді ұстауда камералардың көмегі көп екен. Сондықтан, қауіпті аумақтарға камера орнату жұмыстарына Шымкент қалалық полиция департаменті де мүдделі болып отырған көрінеді.

Сондай-ақ, биыл аудан аумағында 45 көшеге асфальт төсеп, 7 мың шақырым ішкі орам көшелері мен көпқабатты үйлердің аулалары, 17 мың шақырым тротуарларға жөндеу жұмыстар жүргізілмек. Биыл аудан аумағындағы 13 үйдің сыртын жарықтандырып, Арғынбеков, Назарбаев даңғылы, Бәйтерек, Назрбеков көшелеріндегі көпқабатты 52 үйдің қасбетін жаңарту жұмыстары да жүргізілетін көрінеді.  Бұдан бөлек 13 үйдің сыртына мурал салу жағы да қарастырылған.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*