Қазығұрт ауданында өткен жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 366 миллионға, негізгі капиталға тартылған инвестиция мөлшері 2 миллиардқа өсіпті. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, аудан халқымен кездесу барысында айтты.
Десе де, мұндай экономикалық көрсеткіштердің ақсап тұрған тұстары да жоқ емес. Әсіресе ауылшаруашылығы саласында жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді.
«Ауылшаруашылығының негізгі капиталына 15 миллиард инвестиция тарту жоспарланып, бүгінгі күнге нақты 1 жарым миллион теңге ғана тартылған. Ол дегеніміз, жұмыс нөл. Жұмыс болмаған деп айтуға болады»,— деді жиында облыс басшысы.
Сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 2023-жылы 68 миллиардты құрап, жоспар 5 миллиард теңгеге кем орындалған. Дархан Амангелдіұлының пікіріне сүйенсек, жоспарға жетудің түрлі тәсілі бар. Тек соны зерделейтін аудан әкімі Азизхан Исмайлов ізденбеген көрінеді.
«Біз жылма-жыл жоспарды өсіріп отырамыз. Сол жаспарға сәйкес, бір егіс алқабын әртараптандыру, терең өңдеу, тағы басқа тәсілдерін қарап адам жылма-жыл іздену керек. Ізденбесе біз қойып отырған межеге жетпейді»,— дейді Дархан Сатыбалды.
Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына да жоспар бойынша 3,8 миллиард теңге инвестиция тартылуы қажет болған. Алайда, нақты 40 миллион теңге ғана тартылған.
«Бұл жерде де жұмыс жоқ. Аудан әкіміне сын! Бұның бәрін бақылауға алып орындау керек»,- деп ойын қорытындылады өңір басшысы.
Пікір қалдыру