Кентау қаласына кәріз жүйесін тарту жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалмаған. Бұл жайлы олыс әкімі Дархан Сатыбалды хабарлады.
Кентау қала болғаннан кейін, қалаға сай инфрақұрылым болуы шарт. Сондықтан моноқалаға кәріз жүйесін тарту жоспарланған болатын. Алайда, өңір басшысының айтуына қарғанда, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 5 жылдан бері жасалмай отыр. Бұл мәселе бойынша қала әкімі Жандос Тасовқа бірнеше рет ескерту айтылған да екен. Соған қарамастан проблема жуық арада шелімейтін сыңайлы.
«Біз мерігер мекемені сотқа бердік. Ол мекемеден бөлек біз ТЭО-ны қазір жобаның сметалық құжаттамасын жасап жатқан мекемемен меморандумға отырып, демеушілікпен жасап жатырмыз. Қыркүйек айына дейн толықтай бітіреді»,- дейді моношаһар басшысы.
Кентауға кәріз жүйесін тарту үшін қыруар қаражат керек. Оған қала мен облыс бюджетінің шамасы келе қоймайды. Сондықтан, өңір басшылығы бұл жобаға қаржыны республикадан сұрауды көздеп отыр.
«Біз оны республикаға ұсынамыз. Өзіңіз білесіз ғой, мынау бюджеттік рәсімдерге сәйкес, біз ең кемі мамыр айында республикаға ұсынуымыз қажет. Қазір мамырдан қалсақ, біз 2025-жылдың бюджетінен де қалып бара жатырмыз»,- деп қыркүйектің тым кеш болатынын Тасовтың есіне салды Дархан Амангелдіұлы.
Пікір қалдыру