Ордабасы ауданында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен есептік кездесу барысында тұрғындар аудан әкімдігіндегілер көптеген азаматты кездесуге кіргізбей қойғанын айтып шағымданды. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың өңір басшысы Дархан Амангелдіұлынан не жасырғысы келетінін қайдам, әйтеуір есік аузында тұрғандар жиынға келгендер халықты ішке кіргізбеу үшін малша сүйрейтінін айтты.
«Құрметті әкім мырза, мен сіздің алдыңызға әрең кіріп отырмын. Қасымдағы адамды мына жердегі қарақшылар сүйреп шығарып тастады. Мені де сүйреп еді, өзім әрең кірдім»,- деп шағымданды.
Ордабасы ауданы тұрғынының айтып отырған қарақшысы кім? Жиынды ұйымдастырушылар ма? Кездесуді ұйымдастыруға жауапты аудан әкімдігі. Сонда аудан әкімдігін басқарып отырған Азат Оралбаев қарақшы болғаны ма, деген сауал санаға сан келеді.
Ал аудан тұрғындарына сенбейін десең, Айка Айтаханова есімді әлеуметтік желі белсендісі, жиын болған сәтте Ордабасы ауданында болып, арнайы репортаж түсірген. Ол есептік кездесу өтіп жатқан сәтте ғимарат есігі құлыптаулы болғанын айтады.
Сонда аудан әкімі кімнен, нені жасырмақ болды? Халықтан жасырынып кімге есеп бермек? Күштеп халықтың аузын жапқаннан не ұтпақ? Президенттің «Естуші мемлекет» қағидасы қайда қалды? Бастысы президент аппараты бұл жағдайды неге қадағалаймай отыр? Әзірге біз түсінбейтін сұрақ көп.
Пікір қалдыру