ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН ЖАҚСАРТУҒА 37,6 МЛРД ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН

Түркістан өңіріндегі облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін биыл 97% -ға арттыру жоспарланған. Айта кетейік, 2018 жылы бұл көрсеткіш 72 %-ды құраған. Жалпы облыста сапалы жолдардың үлесін 2025 жылға дейін 99,5%-ға жеткізу жоспарлануда. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары қайта бекітіліп, жаңадан құрылған облыс орталығында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүруде.

Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысымен 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында облыс бойынша 2024 жылға жоспарланған автомобиль жолдары саласын дамытудың орындалу барысы туралы баяндалды. Облыс басшысы сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларды сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.

«Автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарында аса маңызды бағыттағы жолдардың құрылысына басымдық беріледі. Осы қағиданы ұстану керек. Республикалық, облыстық , аудандық және ауылішілік маңызы бар жолдар, яғни, барлық деңгейдегі маңызы бар, уақыт күттірмейтін автожолдардың тізімін дайындау қажет. Көптен жөндеу көрмеген күре жолдар да жоспардан тыс қалмауы тиіс. Жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Бұл талаптарды сақтамандарға шара көріледі», — деді Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды.

Бүгінгі таңда Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақымдық жол қайта құрудан өтуде. Жоба 4 учаскеге бөлініп, жол 2 жолақтан, 4 жолаққа кеңейтілуде. Түлкібас ауданы бағытындағы Келтемашат, Састөбе, Шұқырбұлақ, Майтөбе бағытындағы 69,4 шақырымды құрайтын жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтті. Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт-Тұрбат, Жігерген-Көкібел, Шарапхана-Жаңабазар, Айнатас-Қақпақ бағыттарындағы жолдарды «БЕ-БҚ» көлік дәлізіне қосатын 64,5 шақырымдық күре жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдағы асфальт жабындылары жаңартылды.

Құрылыс, жөндеу жұмыстарына Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен тұрақты түрде сапаны бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*