Түркістан облыс орталығында бой көтеріп жатқан «Достық үйінің» құрылысы қарқынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 4 қабатты ғимараттың құрылысы Дархан Сатыбалды арнайы аралап көрді.
«Президентіміз 2021 жылғы 21 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Түркістан облысының әкімдігі, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Түркістан қаласында «Достық үйін» салу жөнінде тапсырма берген болатын. «Достық үйі» – бұл біздің қоғамда орныққан үйлесім мен берік бейбітшілікті бейнелейтін символдық нышан. Елдің бірлігін бекемдеу жолында аянбай қызмет еткен әйгілі Күлтегін бабамыздың «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген сөзі бар. Бірлік пен ынтымақ әрқашанда мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында Жаңа Қазақстанды өркендетуге атсалысайық, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұдан соң, облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды.
Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында «Достық үйі» ғимаратына 1391,29 м2 жер телімі бөлінді. «Mataibekov architects» ЖШС жалпы алаңы 3912,29 м2 болатын 4 қабатты ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Мердігер мекеме ретінде «INTEGRA CONSTRUKTION KZ» ЖШС анықталып, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарын биыл бастап, 2024 жылғы қараша айында аяқтау жоспарланған. 4 қабатты нысанда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылады.Бүгінгі таңда ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып, іргетастың астыңғы бөлігі құйылуда. Алдағы уақытта құрылыс жүргізу барысында мердігер мекемемен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу мен қажетті экспонаттарды қою мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.
Өңірде 50-ден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүруде. Ал облыс көлемінде 11 этномәдени бірлестік өз жұмысын жалғастырып жатыр. Олар тек өз мәдениетін ғана емес, мемлекеттің бірлігін, елдің ынтымаған нығайтып, мәдениетіміздің дамуына үлес қосуда.
Пікір қалдыру