Түркістан облысында биыл жалпы 224 тұрғын үй (2 469 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың басым бөлігі — көпқабатты тұрғын үйлер. Құрылыс сапасы — басты назарда.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров облыстық құрылыс басқармасы мамандарымен Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтарал, Шардара аудандарында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің жұмыс барысын қадағалап, аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері мен медігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыстың сапасына басты назар аударып, тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді ескертті.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 63 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде биыл 29 мектеп, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға берілмек. Облыс әкімінің орынбасары Отырар, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтарал, Шардара аудандарында салынып жатқан білім беру нысандарының құрылыс барысымен танысты. Туындаған өзекті мәселелердің шешімін қарастыру мақсатында «Самұрық Қазына Констракшн» АҚ-ң, мердігер мекемелер, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің өкілдерімен нысандарды аралап көрді. Құрылысқа жауаптылардың жұмыстарына жанашырлықпен қарап, тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асыруды тапсырды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде 49 медициналық – санитариялық алғашқы көмек көрсету нысандарының құрылысы жоспарланған. Құрылыс барысы қатаң бақылауда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Оралбайұлы Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтарал, Шардара аудандарында салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарының құрылыс барысымен танысты. Туындаған өзекті мәселелердің шешімін қарастыру мақсатында мердігер мекемелер, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің өкілдерімен бірге құрылыс алаңдарында болып, тиісті тапсырмалар берді. Жаңа медициналық нысандарды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Ал облыс орталығы Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталығында 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма берді. Сын-ескертпелер айтты. Түркістандық кәсіпкерлерді қолдап, қажетті құрылыс материалдары мен есіктерді жергілікті шеберлерден сатып алуды ескертті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аудара отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды. Тұтас қалашыққа айналатын 20 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы алаңы 145 мың шаршы метрге жуық. Жаңа үйлерден 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. Облыс құрылғаннан бері өңірде 176 көпқабатты үй салынып, 40 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында 80 мыңнан астам тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағын аудандар пайда болып, талай отбасының баспана мәселесі шешілді. Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған.
Пікір қалдыру