БИЫЛ ОБЛЫСТЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУҒА 15,7 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. 

Республикалық көрсеткішке сәйкес, өңірдің қалалары 100 пайыз, елді мекендер 97,3 пайызға ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 63 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 34 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 29 елді нысан 2025 жылға өтпелі.

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кезекті рет талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдерімен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмысты дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.

Өткен жылы облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы  арнайы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитетінің басқарма басшысы, осы салаға жауапты басшылар, ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргізетін сарапшыларымен жиын өткізген болатын.

Жиын барысына елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен су көздеріне іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Уәкілетті органдар, яғни Геология комитеті мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» департаменті тарапынан су қоры бекітіліп,  жер асты су қорларының көлемі көрсетіледі. Алайда, эксплуатациялық ұңғымаларды бұрғылау кезінде, жеткілікті көлемде су шықпай қалу фактілері орын алуда. Осыған байланысты Келес, Сарыағаш аудандарында орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген барлық елді мекендерінде ауыз су кестемен беріледі, дейді мамандар.

Сондай-ақ, Түркістан, Кентау қалалары Мырғалымсай жер асты сулары кен орнынан магистральдық су құбырымен қамтамасыз етілуде. 2021 жылы «Геотерм» ЖШС тарапынан жете барлау жұмыстары  жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілді. Кентау қаласында «Қосқорған су қоймасын» одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жұмыс жобасы бойынша Мырғалымсай жер асты су кен орны аумағында қосымша тік дренажды 11 дана ұңғыма қазылды. Осылайша жылына 40 млн.м3 көлемінде су алу көзделген. Ауыз су 130 метрге дейінгі тереңдікте орнатылған  4 дана су сорғысы арқылы тартылады. Қосымша Түркістан қаласын көгалдандыруға және жасыл желектерді суару үшін су алу жоспарланып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*