ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Жетісай ауданында автомобиль жолдары талапқа сай жаңартылып, елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биылғы жылы Ұлттық қор мен облыстық, жергілікті бюджеттерден 1 млрд 821 млн теңге бөлу жоспарланған.
Бүгінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудандарды дамыту мақсатында қолға алған ауқымды бағдарламаларын тиісті деңгейде жүзеге асыру мақсатында Жетісай ауданында да ілкімді істер жүзеге асырылуда.
Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдардамасы аясында республикалық және облыстық қазынадан қаралған 1 млрд 282 млн 841 мың теңгеге Ә.Оспанов, Құрбан ата, Сырабат, Сәтпаев, Ералиев, Ынтымақ елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 42,1 шақырымды құрайтын 50 көше, жергілікті бюджеттен бөлінген 539 млн теңгеге Жетісай қаласы мен Атамекен, Абай елді мекендеріндегі 17,17 шақырымды құрайтын 15 көше асфальтталады. Одан бөлек, 55,8 млн теңгеге жалпы ұзындығы 8,44 шақырымды құрайтын 15 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Өткен жылы аудандық және қаланың IV деңгейлі бюджеті есебінен жалпы ұзындығы 18,08 шақырымды құрайтын 31 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 71,6 пайызға жеткізілсе, биылғы жылы аудандық қазынадан қаралған қаржы есебінен жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын 9 көшеге асфальт төселген. Алдағы күндері қаланың IV деңгейлі бюджетінен ұзындығы 5,27 шақырым тағы 5 көшеге орта жөндеу жүргізіліп, шаһардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 77,9 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Бүгінде жөнделіп жатқан көшелердің қатарында көп жылдардан бері жөндеуді қажет етіп келген Амангелді көшесі де бар. Қаладағы жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыздардың 2,8 шақырым жолы, 3,6 шақырым арық-атызы дәл осы көшеге тиесілі. Сонымен қатар, 101,4 млн теңгеге жалпы ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқ жол салынса, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық маңызы бар КХ-75, КХ-117, КХ-27, КХ-86, КХ-96 автомобиль жолдары бойына 23 стандартқа сай жаяу жүргінші өткелдерін таңбалау жұмыстары жүргізілген. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне стандартқа сай жасанды жол кедергілері, қажетті жерлерге 60-тан астам жол белгілерін орнату жұмыстары да жүргізілген.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*