«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ ТҮРКІСТАНҒА ИНТЕРНЕТ ТАРТУ ҮШІН 1 МИЛЛИАРД ИНВЕТИЦИЯ ҚҰЯДЫ

Түркістан қаласы тұрғындарын жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернет желісімен толықтай қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ 1 млрд. теңге инвестиция салып, жалпы 91 үйге интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысының бекітілген ауылдық елді мекендерін мобильді интернет желісімен қамту жол картасы негізінде биыл байланыс операторлары (Кселл, Билайн) өз қаражаты есебінен 106 базалық станция орнатуды жоспарлап, қазіргі таңда жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
 Облыс тұрғындарын үй жағдайындағы жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту мақсатында операторлардың серіктестері тарапынан 2023-2024 жылдарға салынған инвестициялар көлемі жалпы 1,64 млрд. теңгені құрайды.
Сапалы интернет желісі — қоғамның барлық дерлік саласында елеулі үлесі бар.Түркістан облысы әкімінің апталық мәжілісінде өңірді сапалы ғаламтормен қамту мәселесі талқыланды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға ІТ саласын дамыту, жолдардың бойынша интернет байланысын күшейту, ауылдарда байланыс сапасын жақсарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Цифрландыру – заманауи әрі жастарды қызықтыратын сала. Жаңа идеялар ойлаңыздар. Түркістанды ІТ саласы дамыған орталыққа айналдыруымыз керек. Жуырда Татарстанға барып, сол жақтағы ІТ саласындағы жұмыстармен таныстым. Онда арнайы мектептер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Түлектерінің 100 пайызы жұмыспен қамтылып жатыр екен. Осы бағытта келіссөз жүргізіп, халық тығыз орналасқан аудандарда ІТ мамандарын даярлайтын орталықтар, мектептер ашуымыз керек. Жұмысты жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Байланыс операторларының жауапкершілігін көтеру, солармен бірлесе жұмыс істеу, инвестиция тарту мәселелері де сөз болды.
Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер
көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековтың айтуынша, Түркістан облысы аумағында жалпы 2 053 379 тұрғыны бар елді мекендердің 386-сы 3G және 304 ауыл 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Түркістан облысының мобильдік интернет желісімен қамтылу деңгейі халық санына шаққанда 92,2% құрайды және ауылдық елді мекен санымен есептегенде 83% құрайды. 139 АЕМ-нің 100-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған. Жол картасы аясында халық саны 250-ден жоғары 81 елді мекеннің 50-ін 2024-2025 жылдары интернет желісімен қамту жоспарлануда.

Түркістан облысында 825 ауылдық елді мекен мен 7 қалаға интернет сапасын анықтау мақсатында талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша 683 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылған. Қалған елді мекендерде интернетпен қамту жұмысы жүруде. Бүгінде орталық атқарушы органдармен 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде. Облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Атап айтсақ, талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы ауылдық елді мекендерді қолжетімділікпен қамту, республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G технологиялары мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті ауылдық елді мекендердегі үй-шаруашылығына дейін жеткізу және 5G желісін енгізу мәселелері қарастырылған.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*