ШЫМКЕНТ: «ТАЗА ЖАҒАЛАУ»: ҚАРАСУ ӨЗЕНІНІҢ БОЙЫ ТАЗАЛАНДЫ

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жас ұрпақтың туған жерге, өзі тұрып жатқан қала мен елді мекенге деген жанашырлығын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға көпшілік қолдау білдіруде.
Қарасу өзенінің бойында «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара өтті. Өзеннің жағалауын тазалауға әкімдік қызметкерлері, қала жастары, аудан тұрғындары қатысты. Науқан барысында өзен жағалауынан бөлек, жасыл желек қалпына келтірілді. Өзен бойындағы ит-мысықтар алаңы да тазартылды.
 Тазалық акциясына Әл-Фараби ауданы бойынша 450 адам, 8 техника жұмылдырылған.
«Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, өзен сулар бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді», — дейді аудан тұрғындары. Сондай-ақ қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.
Жоғарыда айтқандай, экологиялық мәдениетті қалай санаға сіңіруге болады? Экологиялық мәдениетті қалыптастыру проблемасы бойынша алыс және жақын шет елдік ғалымдардың қырықтан астам еңбектерінде қарастырылуы оның күрделі де, сан қырлы екендігіне көз жеткізеді. Экологиялық мәдениет ұғымына берілген анықтамаларды пайымдауда олардың мазмұны мен басты идеяларына қарай бірнеше бағытта қарастырылғандығын көрсетеді: экологиялық мәдениет – жалпы мәдениеттің бір бөлігі; экологиялық мәдениет адамдардың табиғатпен қарым – қатынастары жөніндегі қалыптасқан дүниетанымы, сенімі, түсініктері, білімі, іскерлігі, құндылық бағдар жүйесі; экологиялық мәдениетке – адамның өмірлік белсенді тұғырнамасы; экологиялық мәдениет адамның табиғатты теориялық, материалдық-практикалақ, рухани ізгілікті меңгеруі және жаңартудағы мәнді күш-қуатының өлшемі, іс — әрекетінің жиынтығы; экологиялық мәдениет – адамның табиғатпен ғана емес, әлеуметтік – тарихи ортамен, биосферамен өзара әрекеттестігі.
Ал, мамандар: «Тұлғаның экологиялық мәдениетін қалыптастыруының негізі — білім болып табылады. Оқушы оны мектеп дәуірінде, ақпарат құралдарынан өз туған елі, жері туралы кітап қорларынан оқып үйренеді. Білім – адамның ғылыми фактілерді, ұғымдарды, ережеледі, заңдарды, қағидаларды түсінуі, есінде сақтауы және қайта жаңғыртуы. Табиғат пен қоғам жайында ғылымда жинақталған білім, білік, дағды жүйесін жеке тұлға, мектепте оқу барысында меңгереді және оны өмірде тиімді етіп қолдана алады. Тұлғаның экологиялық мәдениеті басқа да мәдениеттермен тығыз байланысты. Олар интеллектуалдық-танымдық мәдениет, жаратылыстану ғылыми білімділік, табиғат заңдылықтарын тануын олардың өзара заңды байланыстарын қамтамасыз етеді», — дейді.
Олай болса, орта білім беру жүйесін жаңарту жағдайында жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін ғылыми және тәжірибелік білімнің бірлігі негізінде қалыптастыру, оның қоршаған ортаға жауапкершілігін және құндылық бағдарын, рухани сипаттағы іс-әрекетін қамтамасыз ету маңызды бағыт болып табылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*