ОБЛЫС ӘКІМІ ТҮРКІСТАННЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫСШЫ ТОП ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін рухани шаһар бүгінде өрлеп, өркендеп келеді. Қаланың аз уақыт ішінде дамуы нақты жоспарлар мен маңызды шешімдердің нәтижесі. Түркістан қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен вице-министрлер жұмыс сапарымен келді. Олармен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кездесіп, бірқатар мәселені талқылады. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын әзірлеу барысы айтылды.
– Қасиетті Түркістанға қош келіпсіздер. Өздеріңіз білесіздер, Президент тапсырмасымен заң жобасы әзірленіп, сіздердің қарауларыңызға ұсынылды. Бұл заң жобасының Түркістан үшін маңызы зор. Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштері мен мұраларын сақтап, ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Аталған заң жобасы Түркістанның мұрасын сақтап, туризмі мен қолөнерін, экономиксын дамытуға серпін береді, – деген Дархан Сатыбалды Астанадан келген арнайы жұмысшы топ мүшелеріне алғысын білдірді.
Кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Түркістанның тарихи рөліне тоқталды.
– Парламентте Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу жөнінде жұмысшы топ құрылды. Оның құрамында Мәжіліс депутаттарымен қатар бірнеше министрлік өкілдері бар. Түркістанға келудегі мақсатымыз – осы заң жобасын жергілікті тұрғындармен бірге талқылау. Ел ақсақалдарымен, зиялы қауыммен, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаймыз, – деді ол.
Кездесуде Мәжіліс депутаттары – Нұрлан Әуесбаев, Темір Қырықбаев, Ерлан Әбдиевтер өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова да заң жобасын талқылау үшін Түркістанға арнайы келген. Шаһарда бірнеше кездесу өткізу жоспарланған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*