Түркістан — Қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени қала. Тарихқа көз тастасақ, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Ал қалада қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген.
Түркістан — Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. Отырықшы мәдениет өркендеген кезде Қазақстанның әр жерінде қалалар саны арта бастады. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан өзінің тарихи орындарымен белгілі. Шавғар қаласы пайда болғаннан кейін оның аймағында Қарнақ, Шағылжан, Қарашық, Шур (Сури) қалалары бой көтерген. Тарихи деректерге сүйенсек, Шавғар қаласы арқылы Ұлы Жібек Жолының бір тармағы өткен. Керуен Сырдария бойын қуалай жүріп, ірі қалалар Отырар-Фараб пен Шавғар арқылы өтеді. Ал Шавғардан ары Янгикентке жол тартып, Қарақұм арқылы Хорезмге барады. Янгикент оғыз тайпасының астанасы болған.
Бүгінде Түркістан Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың рухани күш жинауға келетін орны. Ол жаңадан Түркістан облысының әкімшілік орталығына айналды. Қаланың шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі. Әкімшілік аумағы 7,4 мың шаршы шақырымға жетеді. Кезінде білім орталығы болған қалада қазір 1992 жылы құрылған Халықаралық Қазақ-Түрік университеті бар. Онда 14,2 мыңнан аса студент білім алады. Университетте 26 елден 500-ден аса студент оқиды. Түркия, Кипр, Қырғызстан, Түркіменстан, Башқұртстан, Дағыстан, Саха Республикасы, Монғолия, Қытай және басқа елдердің жастары білім алып жатыр. Сонымен қатар, 3 мемлекеттік, 7 мемлекеттік емес колледж жұмыс істейді.
Пікір қалдыру