VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері Құдірет Ерімбетовті түркістандықтар құрмет-қошеметпен күтіп алды. Түркістан темір жол вокзалына жүлдегерді қарсы алуға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат депутаты Жандос Арыстанов қатысып, спортшыны жеңісімен құттықтады.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының Якутск қаласында өткен дүбірлі жарыста түркістандық балуан 38 келі салмақта бақ сынап, күміс медальға ие болды. Жарыста чемпиондар мектебінің спортшысы Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Әзірбайжан елдерінің спортшыларын жеңіп, финалдық белдесуде өзбекстандық қарсыласқа ғана есе жіберді. Жеке бапкері — Асхат Орынбасаров.
Жас спортшы Құдырет Ерімбетов бұған дейін облыстың жеңімпазы, Қазақстан Республикасының 2 дүркін және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерген.
Түркістанның мақтанышы Құдірет Базарбекұлы 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысып келеді. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-ның жас спортшысы. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының 9-сыныбында білім алады.
1996 жылдан бері төрт жылда бір рет өткізіліп келе жатқан және бүкіл Азия құрлығын қамтитын спорт додасына 16 жасқа дейінгі спортшылар қатыса алады.
Жазғы және қысқы ойындар бағдарламасына спорттың 24 түрі кіреді: олар күрес пен садақ атудан биатлон мен шахматқа дейінгі ойындарды қамтиды.
Қазақстан 1996 жылдан бастап жазғы, 2019 жылдан бастап қысқы халықаралық «Азия балалары» спорттық ойындарына қатысып келеді. 2024 жылы да қазақстандық спортшылар бұл ойындарға қатысады, деп хабарлады Қазақстанның туризм және спорт министрлігі.
«Азия балалары» халықаралық спорт ойындары жазғы және қысқы спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер арасында жеке және командалық спорт түрлерінен өткізіледі. Заманауи Олимпиада қозғалысының 100 жылдығына арналған бірінші ойындар Саха Республикасының (Якутия) тұңғыш президенті Михаил Ефимович Николаевтың бастамасымен 1996 жылы Якутск қаласында өтті. Ойындардың бүкіл кезеңінде Азия елдері мен Ресей Федерациясының аймақтарынан 15 мыңнан астам жас спортшы қатысты, деп хабарлайды Ойындардың ресми сайты.
Пікір қалдыру