«БЕЛСЕНДІ ДЕМАЛЫС» БОТАНИКАЛЫҚ БАҒЫ АШЫЛАДЫ

Түркістанда әлеуметтік және экологиялық маңызы зор жобаның ашылуы жақын арада жоспарланып отыр.
Ботаникалық бақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін белсенді демалыс орталығына айналмақ.
Мұнда табиғат аясында демалып, серуендеп, ерекше өсімдіктерді тамашалауға мүмкіндік болады.
Ботаникалық бағы бар «Белсенді демалыс» және «Парасат» саябақтарын абаттандыру, көгалдандыру және құрылыс барысын қадағалады.
– Әрбір отырғызылған көшет өсуі тиіс. Осы аймақтың ауа райы мен топырағына шыдамды ағаштарды ғана егіңіздер. Күйіп немесе қурап кеткен көшеттердің орнына қайтадан көшет отырғызу керек. Бұған жауапты мердігер жұмысын жүйелі атқарсын, – деген Дархан Сатыбалды қала әкімі мен мердігерге тиісті тапсырмалар берді.
«Белсенді демалыс» саябағында тропикалық өсімдіктер өсетін ботаникалық бағы бар. Бүгінде үлкен жылыжай ішінде Түркістан өңіріне таңсық ағаштар мен өсімдіктер өсіріліп, балықтар мен құстың бір түрі әкелінген. Сахна, мінбер, 2 субұрқақ, ойын алаңы, скейтбординг және шатырлар салынған. Құрылыс жұмысы 95 пайызға аяқталған.
Белсенді демалыс саябағының жалпы аумағы – 10,5 гектар. Қатты жабын аумағы 42776,96 шаршы метр болса, көгалдандыру алаңы – 61891,78 шаршы метр.
 Ал осы саябақтың аумағында орналасқан Ботаникалық бақ келешекте сұранысы жоғары демалыс орнына айналатыны сөзсіз. Дегенмен, қала әкімі егілетін ағаштардың жерсінуі мен өнімділігіне баса мән беруді тапсырды.
 Демалыс күніне қарамастан мұнда тірлік қыза түскен. Мердігер мекеме нысанды мерзімінен кешіктірмей тапсыруды жоспарлап отыр.
Ал «Парасат» саябағының құрылыс және абаттандыру жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Саябақтың іші ретке келтіріліп, жаңа көшеттермен толықтырылған. Жұмыстар жалғасады.
Қос саябақ та шаһардың туристік әлеуетін көтеріп, жасыл алқабының ұлғаюына үлес қосады деп күтіліп отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*