Түркістан қаласында «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз» тақырыбында көркем шығарма жазу мен плакатқа сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Бұл шара Түркістан қалалық мәдениет үйі мен бірқатар әлеуметтік мекемелердің қолдауымен өткізіліп, жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі мен нашақорлықтың зиянды әсері туралы түсіндіру және жастардың адамгершілік құндылықтарға деген құштарлығын арттыру мақсатында өткізілді. Байқауға 14 пен 24 жас аралығындағы жастар қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Шараның мақсаты – жас ұрпақты есірткі мен жаман әдеттерден аулақ болуға шақыру, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік мәселелеріне қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыру. Есірткі мен нашақорлықтың салдары туралы сөз қозғау, салауатты өмір салтын насихаттау мен жастарды тазалыққа, имандылыққа тәрбиелеу осы байқаудың негізгі бағыты болды. Тақырыптың өзектілігі мен қоғамда аса маңызды мәселе болып отырғандығын ескере отырып, байқауға қатысушылар шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Байқау екі кезеңге бөлінді: көркем шығарма жазу және плакатқа сурет салу. Көркем шығармалар мен суреттерге қатысқан үміткерлер алдын-ала әлеуметтік желілерде жарияланған ережелер бойынша өз жұмыстарын тапсырды. Байқауға қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді: кіші топ (14-17 жас) және үлкен топ (18-24 жас).
Көркем шығарма жазу байқауына 35 үміткер өтінім беріп, оның ішінде 6 үміткер үлкен топтан, 13 үміткер кіші топтан іріктеліп қатысты. Бұл байқауда қатысушылар өз ойларын ашық әрі еркін жеткізе білді, шығармаларының мазмұны мен көркемдік деңгейі жоғары болды. Әрбір қатысушы есірткі мен нашақорлықтың қоғам үшін қандай ауыр зардаптар әкелетініне, жастарды осы жаман әдеттен сақтандыруға қатысты өз көзқарасын ашып көрсетті.
Плакатқа сурет салу байқауына 39 үміткер өтінім беріп, олардың арасында 7 үміткер үлкен топтан, 14 үміткер кіші топтан қатысты. Суреттер байқауының қатысушылары тақырыпты түрлі қырынан көркемдеп, ерекше идеялар ұсынды. Байқаудың басты мақсаты – сурет арқылы жастарға есірткі мен нашақорлықтың қауіпті екендігін, сондай-ақ таза өмір салтының маңыздылығын жеткізу болды.
Байқауға арнайы құрылған қазылар алқасы шығармаларды сараптау кезінде әрбір үміткердің шығармашылық деңгейіне, жазу стиліне және тақырыпқа деген жанашырлығына назар аударды. Қазылар құрамына Түркістан қаласы қоғамдық кеңес мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент және Қазақстан Республикасы дизайнерлер одағының мүшесі – Бейсенбеков Жалғас Жаппарбекұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы – Адырбек Баян Садыққызы, Түркістан қаласы «Өнер мектебінің» директоры, айтыскер ақын – Тлеулиев Тұрар Сарсенбаевич кірді. Олар барлық жұмыстарды жоғары деңгейде бағалап, әрбір қатысушының еңбегіне лайықты бағаларын берді.
Көркем шығарма байқауында шығармашылық тұрғыдан ерекше көзге түскен үміткерлерге қазылар алқасы өз пікірлерін білдіріп, шығармалардың көркемдік тұрғыдан ерекшеліктерін атап өтті. Ал плакат байқауында сурет пен бояудың үйлесімділігі, идеяның тереңдігі мен шығармашылық қабілеттің деңгейі бағаланды. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтаған кезде тек өнер тұрғысынан ғана емес, олардың идеялық мазмұнын да назарға алды.
Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында өткен салтанатты рәсімде марапатталды. Кіре беріс фойеде іріктеуден өткен жеңімпаздардың туындылары көрмеге қойылды. Бұл көрме байқаудың тақырыбын ашып, жастардың шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Марапаттау рәсімінде Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы мен бөлім басшысы Қадырболат Қабдырұлы сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.
Көркем шығарма жазу және плакат салу байқауына қатысқан барлық үміткерлерге ризашылық білдірілді. Қазылар алқасы жастардың шығармашылыққа деген ынтасын жоғары бағалап, олардың идеяларына, жазу стиліне, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын құптады. Байқау қорытындысында жеңімпаздарды мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы марапаттап, қала әкімінің орынбасары Б.Оразбековтың арнайы алғыс хаттарын табыстады.
Шараның соңында қатысушылар мен көрермендер өз ойларын бөлісіп, байқау жастарға мол тәжірибе жинауға, шығармашылықтарын ашуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар жастарды жаман әдеттерден сақтандыру, салауатты өмір салтын ұстануға, ел болашағын жарқын ету үшін нақты қадамдар жасауға шақырды.
Түркістан қаласындағы бұл байқау жастардың жауапкершілігін арттырып, оларды қоғамның басты мәселелеріне деген қызығушылығын оятуға ықпал етті. Жеңімпаздар мен қатысушылардың көрсеткен шығармашылық жұмыстары қоғамның есірткі мен нашақорлыққа қарсы күресте маңызды қадам екендігіне дәлел бола отырып, салауатты өмір салты мен рухани құндылықтарды насихаттауға зор үлес қосты.
Пікір қалдыру