Биыл Түркістан облысының басты басылымы – «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің жарық көре бастағанына тұп-тура 100 жыл толып отыр. Ғасырлық тарихы бар газет күні бүгінге дейін ел мүддесін көздеп, қоғам үшін қызмет етіп келеді. Осы мерейтойға орай облыс орталығында ауқымды шаралар ұйымдастырылып, қарашаңырақ басылымның ұлы тойы салтанатты түрде аталып өтті.
Тарихи жүзжылдықты ұлықтауға арналған жиынға еліміздің ақпарат кеңістігіндегі танымал тұлғалар мен мемлекет қайраткерлері арнайы қатысты. Атап айтқанда, салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшысы Абай Балажанға салтанатты жағдайда табыстады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болған бірқатар журналистердің еңбегі де ескерілді. Бұл – ел Президентінің ақпарат саласы мамандарына көрсеткен ілтипаты, шығармашылық қауым еңбегіне берілген жоғары баға.
Мерейтойлық іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков, сондай-ақ басылымның тарихында қолтаңбасы қалған ардагер қаламгерлер мен еліміздің зиялы қауым өкілдері, танымал журналистер қатысты. Аймақ басшысы өз құттықтауында газетке қатысты жүрекжарды лебізін білдіріп, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ғасырлық белестен абыроймен асқанын ерекше атап өтті. Облыс әкімі шығармашылық ұжымның бірнеше өкілін арнайы марапаттап, басылымның игілігі үшін жеңіл автокөлік тарту етті. Бұл – облыс әкімдігінің ақпарат саласын қолдауға деген ықыласы мен газеттің өңір өміріндегі маңызын мойындауының бір айғағы.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев та журналистерге құрмет көрсетті. Ол басылым қызметкерлерін ҚР «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Осындай құрметтер мерейтой салтанатын одан әрі жандандырып, журналистер қауымына үлкен серпін берді. Құттықтау лебіздер мен ыстық ықыласқа толы сөздер газет ұжымына рух беріп, алдағы белестерді бағындыруға жігерлендірді.
Ғасырлық мерейтой қарсаңында тұтас бірқатар іс-шаралар жоспарланып, сәтімен жүзеге асты. Күні кеше облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылып, 100 түп көшет отырғызылды. Бұл жасыл желекті аллея газеттің бір ғасырлық тарихына қойылған табиғи ескерткіш іспетті. Ал мерейтой күні «Оңтүстік Қазақстан – тарих толқынында» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында журналистиканы одан әрі дамыту, ақпараттық кеңістіктегі тың идеялар мен заманауи технологияларды қолдану мәселелері талқыланып, газеттің болашақ даму бағдары жөнінде құнды пікірлер айтылды. Сонымен бірге газеттің тарихи жолын бейнелейтін фотокөрме көпшілікке ұсынылды. Фотоленталар өткен ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі газет эволюциясын, онда еңбек еткен ардагер қаламгерлердің ізін, редакцияның түрлі кезеңдерде атқарған қызметін көз алдына келтірді. Кештің соңы мерекелік концертке ұласып, облыс өнерпаздары әсем ән мен күйден шашу шашты.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихы тереңде жатыр. Оның бастауында ұлттық руханиятымыздың ардақты тұлғалары – Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов іргетасын қалаған «Ақжол» газеті тұр. Сол бір алмағайып замандарда қазақ руханиятына еңбек сіңірген қаламгерлер мен қоғам жанашырлары осы басылым беттерінде өз ой-толғамдарын қалдырған. Бүгінде «Оңтүстік Қазақстан» газеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын елге жеткізіп, Түркістан өңірінің даму қарқынын дәріптеп, тәуелсіз Қазақстанның жарқын жетістіктерін насихаттап келеді. Бұған қоса газет ұжымы ұлттық құндылықтарды дәріптеуде де белсенді. Соның бір дәлелі – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін ұйымдастырылатын дәстүрлі қазақ күресі турнирлері, жас жыршыларға арналған байқаулар.
Бір ғасырлық ғұмыры барысында газетке 30-дан аса білікті журналистер редакторлық етіп, әрқайсысы өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Олардың қатарында редакторлар Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Кәрім Үкібаев, Анар Бәкірова секілді тұлғалардың есімдері ерекше аталады. Басылым осы уақытқа дейін 21 мың 650 рет оқырмандарымен қауышып, ел жадында сақталған тарихи газеттер қатарынан орын алды.
Өткеннен өнеге алып, бүгінде заман талабына сай жаңғырып отырған «Оңтүстік Қазақстан» газеті әлі талай жаңа белестерді бағындырмақ. Елмен бірге өсіп, заманмен бірге түлеп келе жатқан ақпарат арнасы келешекте де өзінің ұлтқа қызмет етудегі ұлы миссиясын абыроймен атқаратындығына сенім зор.
Пікір қалдыру