Қазақстан – тағдыр тәлкегімен түрлі кезеңдерде қоныс аударған көптеген этностар үшін құтты мекенге айналған бейбіт ел. ХХ ғасырдың басындағы күрделі тарихи үдерістер, нақты айтқанда 1905–1944 жылдар аралығында Әзербайжан этносы бірнеше мәрте депортацияға ұшырап, ата қонысынан еріксіз көшірілді. Сол ауыр жылдары Қазақстан жері көптеген халықтар үшін үміт пен жаңа өмірдің бастауы болды. Қазақ халқы қиын кезеңде өзге этностарды бауырына басып, ортақ шаңырақ астында бейбіт өмір сүруге мүмкіндік жасады.
Бүгінде Қазақстанда 150 мыңнан астам әзербайжан этносының өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың бір бөлігі Түркістан қаласы мен өңірінде тұрақтап, қоғамдық-саяси, мәдени және экономикалық өмірге белсене араласуда. Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар ұлтаралық келісім мен татулықтың жарқын үлгісі қалыптасқан қала. Мұнда түрлі этнос өкілдері өз мәдениетін сақтай отырып, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігіп келеді.
Әзербайжан этносының өкілі Гүлшекер Алагуджаева Қазақстанға деген ризашылығын былай жеткізеді: «Біз Қазақстанда туылдық, Қазақстанда өстік. Осы жерде білім алып, еңбек етіп, нәпақамызды таптық. Осы күнге аман-есен жеттік. Қазақ топырағына шексіз ризамын». Бұл сөздер – Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың, халықтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің айқын көрінісі.
Түркістан қаласында тұратын әзербайжан этносының өкілдері негізінен кәсіпкерлік, сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында еңбек етеді. Сонымен қатар, білім беру, медицина және мәдениет саласында да өз еңбегімен көзге түсіп жүрген азаматтар аз емес. Қалалық қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі мәдени іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына және Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы бастамаларға тұрақты түрде қатысып келеді.
Айта кетерлігі, Түркістандағы әзербайжан этносының басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген. Көптеген отбасылар қазақтың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық мерекелерге белсене қатысады. Бұл – ортақ тарих пен тағдыр тоғысынан қалыптасқан рухани сабақтастықтың белгісі. Өз мәдениетін сақтай отырып, қазақ халқының дәстүрімен үндес өмір сүру – Түркістандағы этносаралық келісімнің басты ерекшеліктерінің бірі.
Түркістан қаласында этномәдени бірлестіктерге, соның ішінде әзербайжан этносының қоғамдық ұйымдарына жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. «Достық үйі» базасында өткізілетін кездесулер, мәдени кештер мен тәрбиелік шаралар ұлтаралық бірлікті нығайтуға бағытталған. Бұл бастамалар жастарды бейбітшілікке, өзара құрметке және ортақ Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстан үшін әр этностың тағдыры – ортақ тарихтың бір бөлігі. Ал Түркістан қаласы осы тарихтың рухани өзегіне айналған мекен ретінде бірлік пен ынтымақтың айқын үлгісін көрсетіп отыр. Әзербайжан этносының Түркістандағы өмірі мен қоғамға қосқан үлесі – еліміздегі тұрақтылық пен келісім саясатының нақты нәтижесі. Бұл бірлік – Қазақстанның басты байлығы, ал оны сақтау мен дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Пікір қалдыру