Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Кеңеске құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында қаладағы қазіргі криминогендік жағдай, қабылданып жатқан алдын алу шараларының тиімділігі және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қалалық департаментінің басшысы Өркен Сейітов және қала прокурорының орынбасары Рашид Әміров баяндама жасады.
Отырыс барысында қала әкімі құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік органдар жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала беруі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты жергілікті деңгейде алдын алу шараларын күшейту, қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтау және кешенді тәсілді енгізу қажеттігіне тоқталды.
— Негізгі акцент құқық бұзушылықтарды ерте анықтауға қойылуы тиіс. Профилактика – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың ортақ міндеті. Бұл жұмыс жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілуі қажет, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Мегаполис басшысы ауыр құқық бұзушылықтардың, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды.
— Мұндай қайғылы жағдайларды жоққа шығаруға болмайды. Олардың алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Үйде – ата-ана, мектепте – мұғалім, көшеде – әрбір азамат жауапты. Сондықтан барлық салада ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс, – деді қала әкімі.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар берді. Құқық қорғау органдары мен аудан әкімдеріне өзара үйлесімді жүйе құрып, бірлескен әрі нәтижелі жұмыс жүргізу міндеттелді.
Пікір қалдыру