МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ – ПРОКУРАТУРА БАҚЫЛАУЫНДА

Түркістан облысында заңдылықты қамтамасыз ету мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде облыс прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып келеді.

Жуырда Түркістан облыстық прокуратурасының Басқарма аға прокуроры Серікболсын Заурбеков пен облыс прокурорының көмекшісі Дидара Абдрасилова «Самғау» оңалту орталығында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Кездесуге келген азаматтар әлеуметтік көмек, инфрақұрылым қолжетімділігі, көлікпен жүріп-тұру, тұрғын үй мәселелері секілді түрлі бағыттар бойынша сұрақтарын қойып, заңдық кеңес алды.

Прокуратура өкілдері әрбір өтінішті мұқият қарастырып, заң аясында нақты түсініктемелер берді. Кейбір мәселелер бойынша қосымша тексеріс жүргізіліп, жағдайды бақылауға алу жөнінде шешім қабылданды.

Құқықтық сауаттылық – әлеуметтік әділет кепілі. Мұндай қоғамдық қабылдаулардың басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әсіресе әлеуметтік осал топтардың заңды мүдделерін қорғауға қолдау көрсету. Бұл – құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтудың тиімді тетігі.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 101 557 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету – прокуратура органдарының қадағалау жұмысындағы басым бағыттардың бірі.


Прокуратура органдары жүргізген тексеріс барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес, бірінші топтағы мүгедектер мен әлеуметтік осал топтарға қоғамдық көлікпен тегін немесе жеңілдікпен жүру құқығы берілген. Алайда облыстың кейбір аймақтарында бұл норма толық орындалмаған.

Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында жүргізілген прокурорлық тексерулер нәтижесінде 3263 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Бұл – құқықтық мемлекеттің басты қағидаттарының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы нақты қадам.

Түркістан облысы прокуратурасы алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ. Бұл бағытта жүйелі қоғамдық қабылдаулар, құқықтық түсіндіру жұмыстары мен нақты тексерулер жүргізілуде.

Құқықтық мемлекет құру – тек заң шығару емес, сол заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етумен өлшенеді. Ал оны қамтамасыз ету жолында прокуратура органдарының рөлі айрықша. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтардың құқығын қорғау – заң алдындағы теңдік принципінің өмірде жүзеге асуының нақты көрінісі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*