
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарға шықты. Жыл басынан бері жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4%-ды құрап, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Экономикалық өсімге негіз болған басты салалар – тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, уран өндірісі, құрылыс индустриясы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы. Бұл бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізіліп, бекітілген жоспарлар артығымен орындалуда.
Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 5 ай ішінде 593,0 млрд теңгені құрап, 14,8%-ға артты. Жоспардың орындалуы 105,5% деңгейінде қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 280,4 млрд теңге, ал тау-кен саласындағы өндіріс көлемі 259,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер өңірдің индустриялық әлеуетінің тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы саласы да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұл саладағы өндірілген өнім көлемі 194,3 млрд теңгені құрап, 6,3%-ға өсім көрсетті. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша республикада алдыңғы орындардың бірін иеленуде. Бұл ретте суармалы жерлерді тиімді игеру, жаңа технологияларды енгізу және шаруалардың мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділігі маңызды рөл атқаруда.
Құрылыс саласында да оң өзгерістер байқалады. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында құрылыс жұмыстарының көлемі 117,4 млрд теңгеге жетіп, көрсеткіш 1,4 есе артты. Сонымен қатар, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 306,1 мың шаршы метрді құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Жоспар 125,5%-ға орындалып, тұрғын үй құрылысының қарқыны артқаны байқалды.
Сауда айналымы бойынша да аймақ жоғары нәтиже көрсетті. Жалпы сауда көлемі 269,7 млрд теңгеге жетіп, жоспар көрсеткішінен 1,6 есе жоғары деңгейде орындалды. Бұл – халықтың тұтыну қабілетінің артқанын, кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары екенін білдіреді.
Көлік және қоймалау қызметі бойынша көрсеткіш 209,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға артық. Жүк тасымалы мен логистикалық қызметтердің дамуы өңірдің экономикалық қозғалысын арттыра түсуде.
Байланыс саласында да оң динамика байқалады. Қызмет көрсету көлемі 4,9 млрд теңгеге жетіп, 15,2%-ға өсті. Цифрландыру және телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары өз нәтижесін беруде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысы – тұрақты даму жолына түскен, мүмкіндігі мол өңір. Әлеуметтік-экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштері ретінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы ғана емес, сондай-ақ құрылыс, көлік, сауда, байланыс секілді салалар да тұрақты үлес қосуда.
Облыс әкімдігі алдағы уақытта да жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық қажетті шараларды жалғастыра бермек. Мемлекеттік бағдарламалар аясында инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың өмір сапасын арттыру – өңірдің даму стратегиясының басты басымдықтары болып қала береді.
Пікір қалдыру