ТҮРКІСТАНДА ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ МЕН ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Заң мен тәртіп – мемлекет кепілі» атты маңызды форум өтті. Шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, полиция және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік өкілдері, сондай-ақ жастар мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аймақ басшысы қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз ету – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, қауіпсіз ортаны бірге қалыптастыруға шақырды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп идеологиясын қоғамда терең орнықтыруды маңызды міндет ретінде атап өтті. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі бүгінде ерекше маңызға ие. Заң – тек жазалау құралы емес, ол қоғам өмірін реттейтін, азаматтардың құқықтарын қорғайтын жүйе. Сондықтан біз өңірде «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» атты кең көлемді іс-шаралар легін бастадық. Бұл бір реттік емес, тұрақты түрде жүргізілетін жұмыс, – деді облыс әкімі.


Жергілікті құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 24,2 млрд теңге бөлінді. Аудан мен қала әкімдері полиция департаментімен бірлесе отырып, заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет. Әсіресе, жол-көлік оқиғаларын азайту, есірткі айналымына қарсы күрес пен профилактика, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – басты бағыттар қатарында.


Облыста есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Биылғы 5 айда 163 дерек тіркеліп, 199 келіге жуық есірткі заты тәркіленді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Сонымен қатар, синтетикалық есірткілердің интернет арқылы таралуына тосқауыл қою мақсатында 405 сайт бұғатталды.


Қаржылық сауатсыздықтың салдарынан өңірде интернет алаяқтық қылмыстары 102%-ға, жалпы алаяқтық 33%-ға артқан. Осыған байланысты тұрғындар арасында түсіндіру, оқыту жұмыстары күшейтілетін болады. Бұл бағытта жастар мен егде жастағы азаматтарға ерекше назар аударылмақ.


Қоғамға қайта бейімделуі тиіс азаматтар да назардан тыс қалмайды. Пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға 194 жұмысқа орналасу квотасы бөлініп, жұмыспен қамту шаралары жүргізілуде.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейтілді. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы қылмыстар 32%-ға төмендеген. Сонымен қатар, облыс көлеміндегі барлық аудан-қалаларда «Отбасын қолдау орталықтары» ашылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кеңес және қолдау көрсетілуде.


Облыс әкімі форум барысында ішімдік сатудан бас тартқан 75 елді мекенде қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендегенін мысалға келтіріп, басқа да ауылдарды осы бастамаға қосылуға шақырды. Оның айтуынша, заң мен тәртіп идеологиясын қоғамда орнықтыру – әрбір азаматтың, әрбір мекеменің ортақ жауапкершілігі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*