ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ФОРУМЫНДА ОТАНШЫЛДЫҚ, АДАЛДЫҚ ЖӘНЕ СЕНІМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістан қаласында жас мемлекеттік қызметшілерге арналған «Адал азамат – әділетті қоғам кепілі» атты мазмұнды форум өтіп, онда отаншылдық, адалдық және сенім секілді маңызды құндылықтар кеңінен дәріптелді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әділетті Қазақстанды құру жолында әрбір азаматтың адал болуы қоғам дамуының басты шарты екенін атап өткен болатын. Осы стратегиялық бағыт аясында ұйымдастырылған форум жас мемлекеттік қызметшілердің азаматтық жауапкершілігін арттыруды мақсат етті.

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде өткен жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Форум жас қызметшілерге арналған әсерлі қойылыммен басталып, қатысушыларды адал қызмет пен елге қызмет ету идеясына жігерлендірді.

Форумға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жоғары жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Олар жас мамандарды парасаттылыққа, әділдікке және Отанға адал қызмет етуге шақырды. Мемлекеттік қызмет – бұл тек міндет емес, ел алдындағы сенім мен жауапкершілік екені баса айтылды.

Өз сөзінде облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы жастардың өңір дамуындағы рөліне тоқталып, Түркістанның соңғы жеті жылда үлкен өзгерістерге ұшырағанын атап өтті. Ол облыста 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер еңбек ететінін, олардың қатарында жастардың үлесі жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, екі аудан-қалада жастардың әкім болып қызмет атқаруы, өңірлік кадр резервінен 17 жас маманның мемлекеттік қызметке қабылдануы – меритократия мен сенім қағидаттарының нақты көрінісі екенін жеткізді. Түркістанның бүгінде тек рухани орталық емес, жастар мен инновацияның, жаңа идеялардың қаласына айналып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Форум барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зияны және адалдық құндылығын дәріптейтін бейнероликті тамашалады. Іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев жүргізді. Сондай-ақ, «Astana Hub» басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев тақырып аясында өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Келелі басқосуда адал азаматтардың көп болуы – елдің тұрақты дамуы мен қоғамдағы сенімнің негізі екені айтылды. Мемлекеттік қызметшінің ар-ожданы биік, ниеті таза болған жағдайда ғана мемлекет дамитыны атап өтілді. Форум қорытындысында жастар арасында адалдық мәдениетін жүйелі қалыптастыру, әділдік пен заң үстемдігін нығайту жөнінде нақты ұсыныстар айтылып, отаншылдық пен сенімге негізделген мемлекеттік қызметтің маңызы тағы бір мәрте айқындалды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*