«7-20-25» бағдарламасында қандай өзгерістер бар?

Елбасының Бірінші әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде «7-20-25» бағдарламасы әзірленіп, ойдағыдай іске асырылуда екені өздеріңізге белгілі.

Бағдарламаның талаптары көптеген жұмыс істейтін қазақстандықтарға тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді, өйткені кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7%, бастапқы жарнасы – 20% құрайды, бұл ретте кредиттеу мерзімі – 25 жылға дейін. Бағдарламаға меншігінде үйі, басқа өтелмеген ипотекалық берешегі жоқ және ресми табысы бар Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады.

Қазіргі кезде Бағдарлама бойынша ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді ЦентрКредит Банк, АТФБанк, Халық банкі, Сбербанк, Жұсан банк, Bank RBK, Еуразиялық Банк және ForteBank жүзеге асырады

Бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында Ұлттық Банк Бағдарламаға төлеуге қабілетті халықтың қамтылуын кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, қарыз алушының бастамасы бойынша бастапқы жарнаны 20%-дан асатын мөлшерде енгізуге рұқсат беріледі. Сол арқылы негізгі борыш пен банктердің қарыз алушының төлем қабілеттілігіне қоятын талаптары азаяды.

Сондай-ақ, енгізілген өзгерістерге сәйкес «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін банктерге қойылатын талаптар: рейтинг бойынша – «В»-дан бастап «В-»-ке дейін және нарықтағы үлес бойынша – банк секторының жиынтық активтерінен 3%-дан 1%-ға дейін төмендетілді. Бұл шара бағдарламаға қатысушы банктердің санын қазіргі 8-ден 13-ке дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

Талдауға сәйкес өңірдегі бастапқы тұрғын үйлердің болуы Бағдарламаның іске асырылуының маңызды факторлардың бірі болып қалады.

2018 жылғы желтоқсанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған және жеке құрылыс салушылардан сатып алынған тұрғын үйді өткізу қағидаларына әкімдіктер салған тұрғын үйді «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына қатар өткізу мүмкіндігін көздейтін тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

«7-20-25» бағдарламасында ЖАО-ның тиісті шешімі болған жағдайда құрылыс салуға арналған және лимиті белгіленген қаражат қарастырылғанын өздеріңіз білесіздер. «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде облигациялар шығару арқылы қаржыландыру тетігі сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасында реттелген.

Қазіргі кезде Баспана әріптес банктерден ипотекалық кредиттерді сатып алуды автоматтандыру процесін аяқтауда. Нәтижесінде, сатып алу мерзімдерін айтарлықтай жеделдету және толығымен қағазсыз процеске ауысу жоспарланып отыр.

Іске асырылатын шаралар Бағдарламаны жандандыру үшін қосымша серпін беруге және Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмаларын азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бөлігінде орындауды жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*