Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы қалалық филиалында этнос өкілдерімен кездесті — деп хабарлайды «Күнгей.kz» ақпарат агенттігі.
Жиында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қала басшысына атқарылған жұмыс жөнінде қысқаша есеп беріп өтті.
Бүгінде Шымкент қаласы аумағында 16 этномәдени бірлестік әрекет етеді. Оның жетеуі заң талаптарына сай қоғамдық акредиттен өткен. Қалалық ассамблея жанында 8 қоғамдық құрылым бар. Олар: Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, медиация кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, журналистер мен блогерлер клубы, ақпараттық насихаттық топ, ҚХА кәсіпкерлік қауымдастығы, «Жаңғыру жол» республикалық жастар қозғалысы штабы құрылып жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, бүгінде Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ жанынан ҚХА кафедрасы, 29 орта-арнаулы колледждерден «Достық» клубы ашылып жұмыс істеуде екен.
«ҚХА-ның мақсат, міндеттеріне сәйкес қалада бүгінгі таңға дейін 57 іс-шара өткізілді. Оның ішінде «Қоғамдық келісім формуласы бірлік пен жаңғыруға» тақырыбында ассамблеяның алғашқы тарихи сессиясын біз баса айта аламыз. Қайырымдылық керуені күнтізбелік жобасына сәйкес, сарқыт, сыбаға, шашу, асар, қамқор, тоқым қағар, ерулік, жылу қайырымдылық акциялары өткізіліп, қала тұрғындарының барлығына 7 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді»- дейді Мұратәлі Қалмұратов.
Өз кезегінде қала әкімі атқарылған жұмысқа жақсы баға беріп, кездесуге келгендердің ұсыныс, сұрақтарын тыңдады.
Пікір қалдыру