Шымкентте ел саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне қосымша сыйақы төленді. Қалада 4 емдеу мекемесінде өз денсаулығына төнген қауіпке қарамастан қызмет етіп жүрген 500-ден астам маманға қосымша сыйақы берілді. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі демеушілер есебінен 25 млн теңге жиналған болатын. Осы қаржыдан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен №2 қалалық аурухана қызметкерлеріне берілді. Сыйақыдан «Мейірім» және «Атамекен» оңалту орталығында карантин режимінде тоқтаусыз еңбектеніп жүрген медицина мамандары да тыс қалмады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында 2126 медицина мамандарына үстемақы төленді.
Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істеген 24 қызметкерге 8,749 млн., екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшелерге және өзге де 977 медицина мамандарына 294,848 млн. теңге бөлінді.
Ал, үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 1126медицина маманына 91,166 млн. теңге қаражат қаралған.
Үстемақы алғандар реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем көліктерінің жүргізушілері.
Наурыз айында елімізде жарияланған төтенше жағдай режимінде уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген медицина мамандарына 394,77 мил теңге берілді.
Қарапайым халықтың денсаулығы үшін өз басын бәйгеге тіккен ақ халатты абзал жандарға сәуір айында 514,969 млн. теңге беру жоспарланған.
Шымкент қаласындағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда жалпы 3226 дәрігер мен 8493 орта буынды медицина мамандары күн-түн демей жұмыс істеп жатыр.
Пікір қалдыру