Жер-жаһанды жайлаған вирусқа байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде бірқатар құрылымдардың қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Солардың бірі әрі негізгісі індетпен күресте алдыңғы қатарда жүрген медицина саласының мамандары.
Бүгінде қалалық №5 емхананың медағасы болып жұмыс істейтін Айбек Жандарбек Шымкенттегі Қызылсу блок-бекетінде кезекшілікте тұр. Карантин кезінде рұқсат қағазы бар азаматтарды жіті бақылаудан өткізіп, арнайы құрылғылар көмегімен тексеретін маман қандай да бір ауру белгілері байқалған адамды қауіпсіздік талаптарына сай шұғыл оқшаулап, қажетті шараларды жылдам атқаруға әбден төселіп алған.
– Вирустың таралу жылдамдығын жаңалықтардан көріп отырсыздар. Күн санап елде коронавирус жұқтырған азаматтар саны көбейіп барады. Карантин шектеулеріне атүсті қарайтындар өзінен бөлек, жақындары үшін де қауіпті, дейді А.Қазыбекұлы.
Еңбек жолын 2016 жылы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан бастаған А.Қазыбекұлы алдыңғы шепте індеттің алдын алу бағытында тәулік бойы еңбек етіп жүрген әріптестерінің асқан күш-жігері мен жауапкершілігіне риза екенін жеткізді.
– Өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, қоғам игілігі мен адамзат денсаулығы үшін тынбай еңбектеніп жүрген медицина мамандарына алғысым шексіз. Иә, бәріміз кезінде ант қабылдадық. Бірақ осындай дерт дендеген тұста күндіз-түні тынбай жұмыс жасау кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Мол жауапкершілігі үшін еліміздегі барша әріптестеріме айтар алғысым мол, дейді медицина маманы.
Күннің ыстығын елемей үстіне қажетті қорғаныс киімдерін киген Айбек кешірім сұрап, уақытының аздығын айтып, Шымкентке кірмекші болып тұрған жүк көлігі жүргізушісін тексеруді бастап кетті.
Шымкент қаласының
төтенше жағдай жөніндегі штабы
Пікір қалдыру