Шымкент қаласында короновирус инфекциясынан емделіп жазылып шыққандар саны 200-ден асты. Еліміздің үшінші мегаполисінде соңғы екі тәулікте коронавирус инфекциясынан 20 науқас жазылып, ауруханадан үйлеріне шығарылды. Дертінен сауыққандардың басым бөлігі 30 жасқа дейінгі жастар екен. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Қауіпті індетті жеңіп шыққандардың ішінде тіпті екі айлық сәби бар. Дәрігерлер дүние есігін енді ашқан нәрестеден коронавирус инфекциясын дер кезінде анықтап үлгерген. Нәтижесінде екі айлық қыз баласын емдеу кезінде асқынулар болмады дейді дәрігерлер.
Сондай-ақ медицина мамандары сәбидің анасы мен әкесінен де коронавирус инфекциясын анықтап, екеуіне де үздіксіз емдеу шараларын жүргізді. Екі аптаға жуық дәрігерлердің бақылауында болған отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы қазір жақсарып, ауруханадан шығарылды.
Айта кетейік, бүгінге дейін Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасынан коронавирус инфекциясына шалдыққан 207 науқас тыңғылықты, үздіксіз ем дом шараларын қабылдап, дертінен айығып шықты
Пікір қалдыру