Шымкент қаласының кәсіпкерлері де Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетті. Нақтырақ айтқанда, су астында қалған ауылдардың тұрғындарына гигиеналық заттар мен киім-кешек жөнелтті. Яғни, 4000 адамға аяқ-қиім мен спорттық киімдер, одан бөлек 200 дана жейде мен 150 дана әйелдерге арналған көйлек, шалбарлар бар.
«Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан Мақтаарал ауданына қиын сәтте қол үшін созып, төтенше жағдай зардаптарын жоюға бүкіл халық болып атсалысу – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Көмек көрсету бұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай да жалғасатын болады,» — дейді Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев.
Айта кету керек, «Шымкент еріктілер қауымдастығы» көмекке алғашқылардың бірі болып жұмылды. Қазір аталған қауымдастық су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қажетті заттар, азық-түліктер мен балаларға ойыншықтар, төсек орындарын жеткізу үшін көмектесуде.
Шымкенттік еріктілер қауымдастығы балаларға көңіл бөліп жазғы кампус ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Төтенше жағдайда зардап шеккен ата-аналардың күйзелісі балаларға әсер етпес үшін осындай істі қолға алуды жөн деп тапқан.
Пікір қалдыру