Мақтаарал: Фирдоуси мен Өргебас тұрғындары жаңа қоныстың құрылысына дайындықты бастады

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы топан су шайған Өргебас пен Фирдауси ауылдарында қабырғалары шытынаған үйлер мен қора-қопсылардың материалдарын реттеу жұмыстары басталды. Алдағы екі-үш күнде тұрғындар жаңа үйлердің іргетастарын қалауға кіріспек. Ол үшін ескі материалдардан қалып жасау жұмыстары қыза түскен.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, қазіргі таңда су басқан 5 ауылда түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іспен арнайы жұмысшы тобы айналысуда.
«Дәл қазіргі уақытта біз топан су шайған 5 ауылдағы үйлерді түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Екі-үш күнде қанша үйдің бұзылғаны, қайта салынатыны белгілі болады. Сол кезде бұл туралы мәліметті жалпыға ортақ етіп, жария етеміз. Әзірге тұрғындар уақытты тиімді пайданалып, су шайған аулаларын күл-қоқыстан тазартып, құлаған үйлер мен қора-қопсыларын ретке келтіріп жатыр», — дейді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, Өргебас пен Фирдауси елдімекендерінің тұрғындары ешқайда көшірілмейді. Сондай-ақ, олар үйлерінің құрылыстарын өздері жүргізетін болады. Яғни, бұзылған үйлердің өтемақысы тұрғындарға үкіметтік резервтен кезең-кезеңімен аударылып отырады. Таяуда ғана Үкіметтік комиссия мен тұрғындардың кездесуінен кейін осындай шешім қабылданған болатын.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*