Карантин режимін бұзған кәсіпкерлерге ескерту берілді. Бүгін арнайы жұмысшы топ Шымкент қаласы Абай ауданы аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандарын аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Карантин талаптарын сақтамайтындардың қатары аз емес екендігі анықталды.
Карантин режимін бақылау үшін Абай ауданы бойынша жергілікті полиция қызметі, әкімдік мамандары, көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасын бақылау басқармасы мамандары, Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы қызметкерлерімен бірге жұмысшы топ құрылған. Аталған жұмыс тобы аудан аумағындағы жұмыс істеп тұрған 132 кәсіпкерлік нысанды аралап, олардың 37-не ескерту берді. Құқық бұзғандардан түсініктемелері алынған.
Құрылған жұмысшы топ 4 кіші топқа бөлінген. Абай ауданының төрт бағытында жұмыс атқарып жүр. Жұмысшы топтың бір бөлігі 38 қоғамдық көлікті аралап шыққан. Сөйтіп анықталған кемшіліктер бойынша 4 автопарк, яғни «Ман Оңтүстік», «Санжар Моторс», «Сигма», «Шымкент Bus» басшыларына ескерту берілді. Арнайы жұмыс топтары карантиндік шараларды сақтау бағытындағы жұмысты күнделікті жалғастырады.
Пікір қалдыру