Түркістан облысындағы аурухаларда жалпы саны 9 мың төсек-орын бар. Оның бүгінгі таңда 25 пайызы бос тұр. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Фейсбук әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде мәлімдеді.
Сондай-ақ, Сәкен Амангелдіұлы, облыстағы провизорлық орындардың 15 пайызы бос екендігін және Түркістан облысындағы 300 провизорлық орын көмек ретінде Шымкент қаласындағы науқастарға берілгендігін айтты.
«Өңірдегі 124 жедел жәрдем көлігінің 85-і ИВЛ аппараттарымен қамтылып отыр. Ал жалпы ауруханаларда 178 ИВЛ аппараты бар. Бұдан бөлек, 10 компьютерлік томография жұмыс істеп тұр. Ал облыс орталығында 440 провизорлық орын бар. Коронавирус індеті анықталған науқастар Кентау қаласына 80 орындық инфекциялық ауруханаға жатқызылуда.Түркістан облысында бүгінгі таңда 1974 адам пневмония дертіне шалдыққан, оның 1677-сі орта деңгейде», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, тікелей эфирде бірнеше сауалдарға жауаптар берілді.
«Ауруханаларға орын жоқ, дәрі-дәрмек тапшы деген мәселелер туындаса, 109 call-орталығына қоңырау шалып, нақты жауап алуға болады. Айта кетерлігі, ауруханаларда дәрі тапшылығы жоқ, тек жекеменшік дәріханаларда аталған мәселе орын алуда. Бұл апта соңына дейін шешімін табатын болады. Облыста дәрі қоры күнделікті толықтырылуда. Өйткені, тұрғындар жаппай дәрі-дәрмекті көптеп сатып алып жатыр. Сондай-ақ, шалғайдағы ауылдарда жедел-жәрдем шақырту мәселесі шешілген. Ауылдық не аудандық бөлімшелеріндегі мамандар 30 минутқа жетуіне мүмкіндік бар,»- деді.
Пікір қалдыру