Шымкенттік оқытушы республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Республикалық «Үздік сабақ — 2020» онлайн байқауында Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Оспанова жеңімпаз атанды.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері, жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқытушылары қатысқан. Оқытушылар арасындағы республикалық дода екі айға жалғасқан. Байқауда тіл үйренушілердің қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға арналған деңгей талаптарына сай тапсырмалар беріліп, үздік деп танылған 8 жұмыс межеге шыққан. Нәтижесінде Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Оспанова бас жүлдені иеленді.
Айсұлу Тойшыбекқызы орталықта 2009 жылдан бері қазақ тілі мұғалімі болып қызмет атқарады екен. Қазіргі таңда латын әліпбиінің түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысып жүрген білікті маман. Оқытушылардың республикалық білім мен біліктілігін сарапқа салған сайыста топ жарған шымкенттік оқытушы бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Ары қарай да үздіксіз ізденіс үстінде боп, дүлдүлдер додаларында бақ сынамақ ниетте.
Пікір қалдыру