Шымкент: Мұрат Әйтенов ауызашар орнына мың отбасыға азық-түлік берді

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов әлемді жайлаған пандемияға байланысты елде төтенше жағдай жарияланғандықтан қасиетті Рамазан айында ауызашар орнына мың отбасыға азық-түлік таратты. Олардың ішінде шаһардағы мешіттердің 300-ге жуық қызметкерлері де бар.

Көмекке мұқтаж жандар қаладағы «Ақ мешіт» алдына келіп, өздеріне тиесілі азық-түлік себетін алды. Олардың қатарында көп балалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.​ Мұқтаж отбасылар тізімін жасауға ҚМДБ жанынан құрылған «Зекет» қорының қаладағы өкілдігі атсалысқан.

«Баршаңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Мүбәрак болсын. Бүгінгі қасиетті жұма күні 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Осындай Ұлық күнде қала әкімі біздің мешітімізде Рамазан айындағы ауызашар сыйлығын таратып жатыр.​ Алла риза болсын! Жаратушы жұмыстарын сәтті етіп, берекесін берсін», — деді Шымкент қаласының бас имамы Бағдаулет Абдрахман.

«Өзім 6 баланың анасымын. Мынау карантин жағдайында табысымыздан қағылып, қиын жағдайға тап болдық. Бұл жақсы көмек болды. Мың отбасына қамқорлық жасап, азық-түлік үлестірген қала әкіміне алғысым зор. Істеріне сәттілік тілеймін», — дейді қала тұрғыны Сәрсенкүл Тасқараева.

Айта кету керек, бұдан өзге қала әкімінің қолдауымен шаһар тұрғындарына 63 тонна қырыққабат таратылған болатын.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*