Түркістан: Кентау қаласының ауруханасына медициналық жаңа аппараттар жеткізілді

 

Түркістан облысы Кентау қаласының орталық ауруханасына құны 15 млн. теңге болатын жасанды тыныс алу аппараты жеткізілді. «Катко» демеу корпаративтік қоры Оңтүстік Кореядан жалпы құны 92 млн. теңгеге заманауи соңғы үлгідегі 6 бірдей құрылғы алдырып, өңіріміздің өзге де аудан қалаларының ауруханаларына сыйға тартты. Бұған дейін де игі істің бастамашысы болып келген қордың бас директоры Тағабек Жанксиев алдағы уақытта да қайырымдылық шараларын жалғастыра беретіндерін жеткізді.
«Жалпы елде пандемия басталғалы біздің мекеме қайырымдылық шараларынан шет қалған емес. Мәселен, біздің тарапымыздан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «bizbirgemiz» республикалық акциясы аясында 50 млн. теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Ал, мына аппараттарды ауруханаларға қосымша әлеуметтік көмек ретінде табыстап отырмыз. Бүгінде сатып алынған құрылғыларды Ордабасы ауданы мен Жетісай, Кентау қалаларына тарту еттік. Осы құрылғылар қатерлі дертке шалдыққан азаматтарды емдеп шығуға зор септігін тигізеді деген сенімдеміз», – деді Т.Жанксиев.
Өз кезегінде Кентау қалалық орталық ауруханасы бас дәрігерінің м.у.а. Асылбек Утебаев аурухананың ұжымы атынан, жаны жомарт жандарға өз алғысын білдірді.
«Қатерлі індетке қарсы күрес мақсатында ауданымызда тиісті шаралар қолға алынып, ауруханамызға мемлекеттің және демеушілердің көмегімен қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп келеді. Мәселен, бұған дейін мұнда 12 тыныс алу аппаратын пайдаланып келсек, бүгінде ауруханамыз тағы бір қосымша аппаратпен толығып отыр. Осы ретте елдің амандығы үшін жомарттық танытып отырған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді А.Утебаев
Айта кетейік, «Қазақстандық-Француздық «Катко» бірлескен кәсіпорны» ЖШС Созақ ауданында 1996 жылдан бері екі кен ошағында уран өндірумен айналысып келеді. Пандемия кезінде компания жергілікті тұрғындарға 10 мың дана бетперде таратып, Шолаққорған аудандық ауруханасына жедел-сынақтамалар мен қорғаныс құралдарын жеткізіп берді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*