Арыстағы жарылыс: Қаланың бүгінгі көрінісі қандай?

Маусымның 24 күні орын алған күшті жарылстардан кейін Арыс қаласына кірер жолдарды полицейлер мен әскерилер жапқан.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жолдарға бірнеше бекеттер орнатып, арыстықтарды шаһарға кіргізбей тұр.

Ал, Арыстан шығып жатқан көліктердің жүк салғышын жіті тексеріп жатыр.

Ашығын айтқанда, мұндай қиын-қыстау кезде қалаға ену мен үшін де өте қиын болды. Бірақ, құзырлы орган қызметкерлерінің рұқсатын алып қалаға кіруге мүмкіндік алдым.

Шаһарға жақындағаннан әскерилер уақытша құрған база көзге түседі.

Қалаға кірер жолдың екі бетіндегі саябақ қап-қара күлге айналыпты.

 Жасыратыны жоқ, кеше ғана көк желекке оранған демалыс орнының бұл көрінісінен кейін өн бойымды үрей биледі. Соғыстан көз ашпай жатқан Сирия мен Ауған жері көз алдыңа елестейді екен.

Мұнан кейін қалаға кіреберістегі теміржолдың үстінен өтер көпірге келдім. Бұ жерден қала, алақандағыдай көрінеді. Күшті жарылыстардың қатты толқынан көпшілік үйлердің терезесі мен шатыры қираған. Тойханалар мен дүкендер де әжептеуір зақымданыпты.


Ал, жарылғыш снарядтар түскен ғимараттардың жағдайы мұлде нашар.

 Снарядтар түскен үйлердің шаңырағы ортаныса түсіп ойран болып, сауда орындарының қабырғасы қаңырап қалған.

Қала көшелерін аралап жүріп, жарылғыштардың қаңқасын байқадым.

Бірі тіпті, күйген қыштан салынған дүкеннің бір бұрышын бұзып өткен.

Мұнда жарылмай қалған жарылғыштар да бар. Оған жақын бару қауіпті болғаннан кейін, суретке алуға мүмкіндік болмады.

Кешегі күшті жарылыстардан кейін қаңырап қалған қаланы үнсіз тыныштық басқан.

Тек шаһардың кей тұстарында құжаты мен мал-мүлкін түгендеп жүрген арыстықтар көрінеді. Оларға да полицейлер қалада ұзақ уақыт жүру қауіпті екенін ескертіп, автокөліктеріне мінгізіп алып кетіп жатыр.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*