Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Басқосуға телеарналар мен газеттердің бас редакторлары, журналистер және әлеуметтік желі белсенділері қатысты. Ақпарат құралдары ең көп шоғырланған Шымкентте қазірде 170-тен астам орталық жұмыс істеуде.
Елімізде қолға алынған реформаларды жалпыхалықтық қолдаусыз толықтай іске асыру мүмкін емес. Бұл ретте барша азаматтарымыздың күш-жігерін елдік мақсаттарға жұмылдыруда бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады.
«Мен өз қызметімде объективті, конструктивті пікірлерге ашықпын. Сіздер халық үшін еңбек етіп жүрсіздер. Шығармашылық қызметтеріңіз жоғары бағаға лайық деп білеміз.
Бәріміз де — осы елдің азаматы, осы халықтың перзентіміз. Олай болса, баршаңызды еліміздің дамуы, қаламыздың көркеюі жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын», — деді қала әкімі.
Журналистер шаһар басшысына сала мамандарының біліктілігін арттыруда, ашықтықты қалыптастыруда, ақпарат таратуда нақты ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, қала аумағындағы жол, қоғамдық көлік, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Ал қала әкімі барлық салада ашықтықты қамтамасыз етіп, мегаполисті көркейтуде Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Билік пен халық арасын жалғап жүрген тілшілердің айтқан сыны шын болса, нәтижесіз қалмау керек. Шын мәнінде, қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері көтерген мәселелерді билік өкілдері назарға алып, тиісті шаралар қабылдауға дағдыланып келеді. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға да зор пайдасын тигізіп отыр. Әрине, өңірімізде бірқатар мәселелер бар. Десе де, атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Тек соны халыққа мобильді және шынайы жеткізу қажет. Біз сыннан қашпаймыз. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ең бастысы, жарияланған әрбір материал қоғамда арандатушылық туғызбаса екен тілекпен қорытындылады шаһар басшысы.
Пікір қалдыру