ШЫМКЕНТТЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІП СУБЪЕКТІЛЕР САНЫ 130 МЫҢНАН АСАДЫ

Шымкенттегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қарқынды. Миллионды қала атанғалы кәсібін өрге домалатып, халықтың игілігіне жұмыс істеп жатқандардың саны күн санап артып келеді.
Қала экономикасына тікелей ат салысу үшін әлі де жан -жақты ізденіс қажет. Осыған орай, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өңірлік кәсіпкерлермен кездесті.
 Жиында қала басшысы үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуы, инвестициялық ахуал және бірқатар мәселеге тоқталды.
 — Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап отыр. Яғни, біз өз тарапымыздан қала экономикасын дамыту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға бар ықпалымызды саламыз. Ал кәсіпкерлер бұл бағытта өз міндеттерін әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып атқаруы қажет. Алайда әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында кәсіпкерлер арасындағы сот дауларының салдарынан бірқатар әлеуметтік жобамыз, атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымдар, ауруханалар, мәдениет нысандары, әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде іске асырылмауда. Осындай күрделі даулардың әсерінен қарапайым халық зардап шегіп отыр, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ қала басшысы: «Халықпен тікелей байланыс орнату барысында 9 әлеуметтік көпқабатты тұрғын үйдің пайдалануға тапсыру мерзімі кешігіп отырғанын және тұрғындар тарапынан ел игілігіне берілген баспананың құрылыс сапасына шағымы көп екенін аңғардым. Яғни, қордаланған мәселе өте көп. Бұл мәселелерді шешу және кәсіпкер ісінің алға басуына кедергі келтіретін жайттарды жою барысын осындай жиында ашық айтып, талқылау үшін мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыруымыз қажет», — деді Ғ. Сыздықбеков.
 Бүгінде қалада шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 130 мыңнан асып, жұмыспен қамтылған көрсеткіш саны 214 мың адамға жеткен. Ал өндірілген өнім көлемі 517,8 млрд теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайыздан асқан.
 Кездесу барысында қала әкімі кәсіпкерлерді қала экономикасын әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, отандық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.
 Жиынға қалалық прокуратура және салалық басқармалардың, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*