ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ

Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Ес біліп, еркеліктің артта қалар шағында ұстаздың тәрбиесіне өтіп, етек-жеңді жинайсың. Тәлім алып, тұлға болып қалыптасасың. Ұстазға деген құрмет пен қошемет әрқашанда ерекше. Осыған орай,
 қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Мұғалімдер күніне арналған мерекелік іс шараға қатысты. Қала басшысы ұстаздар қауымына құттықтауын жеткізіп, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ салтанатты жиында саланың үздіктері арнайы марапатталды.
 «Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен елімізде алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздардың қоғамдағы абырой-беделі артып келеді. 2020 жылдан бастап бүгінге дейін ұстаздар жалақысы
100 пайызға, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға өсіп, әлеуметтік тұрғыда қорғала түсті. Кешегі өткен Республикалық педагогтер съезінде Президентіміз ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Мектепті ең қауіпсіз орынға айналдырудың маңызды екенін тағы да еске салып, білім беру ұйымдарында орын алған
буллинг, зорлық-зомбылық көрсетуді түбірімен жоюды тапсырды. Осы бағытта жұмыстарды күшейту – басты міндетіміз» — деді қала әкімі.
 Кеш қонақтары патриоттық әндерді тыңдап, ұстаздарды ұлықтаған шәкірттердің өнерін тамашалады. Өзгенің баласын өзіңдей көріп, тәрбиелеу — ерлік іс. Әрбір шәкіртінің жеткен жетістігіне марқайып, есімдері аталып жатса төбесі көкке жетеді. Шәкірттердің өнерін тамашалып, көңіліміз көтеріліп қалды дейді, ұстаздар.
 Мегаполистің білім беру жүйесі – 30 мыңға жуық ұстаз еңбек ететін үлкен салаға айналып отыр. Қаламыздағы 930 білім беру ұйымы 440 мыңға жуық тәрбиеленушіні, оқушы мен студентті қамтиды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*