БАҚ ӨКІЛДЕРІ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫНДА БОЛЫП ҚАЙТТЫ

Отандық өнеркәсіпті дамыту, оның танымалдылығын арттыру бағытындағы «Отандық өндіріс» медиа-жобасы аясында баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында БАҚ өкілдері «Тассай» индустриялық аймағындағы жиһаз өндіруге маманданған «Mega SMART» ЖШС-ның жұмыс барысымен танысты.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігі отандық өнеркәсіпті танымал ету және қазақстандық тауарлардың имиджін арттыру мақсатында бірлескен «Отандық өндіріс» медиа-жобасын іске қосқан болатын. Жоба еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарының оң тәжірибелерін көрсету, отандық тауарлар мен қызметтердің имиджін жақсартуды мақсат еткен.
«Мега Смарт» ЖШС-і МДФ жылтыр плитасын дайындап, кеңселерге қажетті жиһаз өндіреді. Еліміздегі баламасы жоқ бірегей өндіріс орны 2016 жылы іске қосылған еді.
Кәсіпорын Оңтүстік Корея технологиясымен жабдықталған. Жылына 120 мың плитаны нарыққа шығаруда
Цех басшысы Мардан Сәлімбековтің айтуынша, дайын өнімдер Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия елдеріне экспортталады. Ішкі нарықта 11 аймақ қамтылған. Бүгінгі таңда 57 жұмысшы бар. Цех басшысы мамандар жеткілікті екенін атап өтті

«Мен осы зауыт ашылғалы жұмыс істеп келемін. Басында дизайнер болып келгенмін. Содан кейін математикалық қабілетке байланысты үйрену арқылы осы қызметке орналастым. Бізде жиһаз бойынша екі бөлім жұмыс істейді. Біріншісі, даму және инновация бөлімі. Бұл жерде әлемдік трендттердің барлығы зерттеуден өтеді. Одан кейін біздің техникалық мүмкіншіліктеріміз ескеріле отырып, мектепке, кеңсеге және жұмсақ жиһазға арналған топтамалар шығарамыз. Бұл бөлімде ақпараттарды толық жинап, өңдеп болғаннан кейін бағдарламаны техникалық бөлімге береді. Олар құжаттарын жасап, цехқа жібереді. Жалпы бізде 3 цех бар. Жұмсақ жиһаз, корпусты жиһаз шығаратын және металл өңдейтін. Жалпы технологтың басты мақсаты-электронды бағдарламаны машиналардың жадына сақтап беру. Әрі қарай операторлар сол бағдарлама бойынша жұмыс істейді», – дейді технолог-конструктор Руслан Турмаханов.

Кеңселерге және білім беру мекемелеріне қажетті жиһаздар шығаратын «Мега Смарт B2B» ЖШС былтыр іске қосылған болатын. Кәсіпорынның техникалық бөлімінің басшысы Руслан Тұрмаханов қазіргі таңда жылына 5000 дана жиһаз жиынтығы дайындалатынын айтады. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер Ресей, Германиядан алынады екен.
Мұнда барлығы автоматтандырылған. Дайын өнімдер Астана, Алматы қаласына, Түркістан облысына жіберілуде. Қазіргі уақытта жиһаз өндірісінде 150 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшылары өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*