ШЫМКЕНТ ҚЫСҚЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА САҚАДАЙ САЙ

Бүгін елімізде «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Іс-шара қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖ департаменті арнайы техникасының дайындығын тексеру, техникалардың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтауды мақсат еткен. Оған сәйкес, төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізіледі.
Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Іс-шараның бірінші күні «3-Энергоорталық» АҚ-да тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Сценарий бойынша мекеме аумағындағы турбиналық цехқа газ беретін диаметрі 325 мм құбырынан газ шығып, жарылыс болды. Салдарынан өрт орын алып, қазандықтар істен шықты. Апатты жою үшін Шымкент қаласы ТЖ департаменті және азаматтық қорғау қызметтерінің күштер мен құралдары жіберілді.
Үйлесімді әрекет етудің нәтижесінде өртті сөндіру және авариялық-қалпына келтіру жұмыстары тез арада жүргізіліп, шартты зардап шеккен адамдар қауіпсіз аймаққа шығарылды, тиісті көмек көрсетілді.
Қалалық ТЖ департаменті басшысының орынбасары Жамбыл Жабаев оқу-жаттығудың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Тактикалық оқу-жаттығуды сратегиялық маңызды нысаннан бастап отырмыз. Мұндағы оқу-жаттығуға ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, жедел-құтқару жасағы, апаттар медициналық орталығынан, жалпы 130 адам мен 30 техника жұмылдырылды. Бүгін 3, ертең 3 нысанда жаттығу өтеді. Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер қалалық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралады, – деді департамент басшысының орынбасары.
Жаттығудың қорытындысы бойынша республиканың барлық өңірлерінің қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар дайындығына баға беріледі. Айта кетсек, 23-24 қарашаға жоспарланған іс-шарада қалада жалпы 6 нысанда тактикалық оқу-жаттығу өтеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*