Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс басқармасының алдағы жоспарын тыңдады. Халық тығыз орналасқан, өнеркәсібі мен өнері қатар дамып келе жатқан өңірге дамудың жаңа белесіне шығуы қажет-ақ. ұрғындар саны өскен сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген сұрақтың туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу – облыс, қала әкімдерінің басты міндеті. Бұл ретте облыс басшылығы құрылыс басқармасының жоспарын тыңдай отырып бір қатар тапсырмалар беріп, ескертпелер жасады.
-Облыс бойынша атқарылып жатқан құрылыс нысандарының сараптамасы жасалуы тиіс. Нысандардың құрылысы кестеге сай ма? Уақтылы аяқтала ма? Қайсысы кешігіп жатыр? Осы және өзге де сұрақтардың жауабы қолдарыңызда болуы керек. Аудан, қала әкімдері әрбір мердігермен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, құрылыс барысын қадағаласын. Мемлекеттің қаражатына салынып жатқан нысандар уақтылы ел игілігіне берілуі қажет. Мәдениет, спорт нысандарының облыста бекітілген типтік үлгіде салынуына мән берілсін, – деді облыс басшысы.
Дархан Амангелдіұлының қатысуымен өткен жиындардың бірінде түркістан Түркістан қаласындағы әлеументтік және тұрғын нысандары туралы айтылған болатын.
«Бүгінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер беріледі. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету сұрақтары қала деңгейінде дербес шешіледі», деді Д.Сатыбалды.
Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді.
Пікір қалдыру