
Қазақстан Полициясы күніне орай Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен бөлім қызметкерлерінің балалары арасында «Менің ата-анам – полицей» және «Мен полицей боламын» тақырыптарында сурет салу байқауы өткізілді. Шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, отансүйгіштік рухын қалыптастыру және полиция мамандығына деген қызығушылығын арттыру болды.
Байқауға барлығы 31 бала қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Қатысушылар өз суреттері арқылы ата-аналарының қызметіне деген мақтаныш сезімін, ел тыныштығын күзететін полиция мамандығына деген құрметін көркем тілмен жеткізе білді. Бүлдіршіндердің әрбір жұмысы шабыт пен шынайылыққа толы болды.
🔹 10 жастан асқан балалар тобы бойынша жеңімпаздар:
🥇 І орын – Бекнұр Намазбай
🥈 ІІ орын – Айару Оңалбай
🥉 ІІІ орын – Аружан Мәлік, Нурилла Жолдасбек
🔹 10 жасқа дейінгі кіші топ бойынша жеңімпаздар:
🥇 І орын – Айзере Бақытжан
🥈 ІІ орын – Альмира Ибраева
🥉 ІІІ орын – Хадиша Гулиева
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, байқауға белсенді қатысқан барлық балалар ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Марапаттарды бөлім басшылығы салтанатты түрде табыстап, балалардың еңбегіне жоғары баға берді.
Бұл шығармашылық шара тек балалардың сурет салу шеберлігін ғана емес, олардың патриоттық рухын, отбасылық құндылықтарды бағалай білуін, ата-анасының кәсібіне деген мақтаныш сезімін нығайтты. Сонымен қатар, жас ұрпаққа полиция қызметінің маңызын түсіндіріп, тәртіп пен заңды құрметтеуге тәрбиелеудің тиімді жолына айналды.
Халқымызда «Бақытты бала – бақытты отбасында өседі» деген даналық сөз бар. Балалар – ата-ананың аманаты ғана емес, ұлттың болашағы. Олардың пәк жүрегі, таза арманы – қоғамның рухани іргетасы. Сол себепті әр баланың бойында отансүйгіштік қасиетті, елге, еңбекке, ата-ана еңбегіне деген құрметті қалыптастыру – ата-ана мен қоғамның ортақ борышы.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастамасымен өткізілген бұл байқау жас ұрпаққа жақсы үлгі болары сөзсіз. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жалғасын табады деп күтілуде.
Пікір қалдыру