ТҮРКІСТАНДА КӨШЕЛЕРІНДЕ 100 ПАЙЫЗ ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖҮРЕДІ

Түркістан қаласында осы жылы қо­ғам­дық көлік 40 автобуспен толықты. Соңғы 3 жылда қоғамдық көліктер 100 пайызға жаңартылды.  Шаһарда 2020 жылы 21 бағытта 220 шағын автобус қызмет көрсетсе, қазір 22 қоғамдық көлік бағыты бойынша 300-ге жуық автобус жүргізушісі тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жолаушыларды екі тасымалдаушы компания сыйымдылығы жоғары автобустармен тасымалдайды. Олар заманауи үлгідегі бейнекамералармен, салқындатқыштармен, электронды билет шығаратын құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, төлемді QR-код, SMS, «Халық банк», «Каспий банк», «Хоум кредит» қосымшалары арқылы жасауға болады.

Облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6 пайызы жарықтандырылған еді. Ал, 2022-2023 жылдар аралығында жарықтандыру көрсеткіші 80 пайызға жетті. 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95 пайызға жетпек. Сондай-ақ, қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылды. Жетпіске жуық көше, мектеп пен балабақшада жол таңбалары орнатылды. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылды. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаған қоғамдық көліктерге 25 хаттама толтырылды.

Төмен табалдырықты автобустар мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қолайлы пандуспен жабдықталған. Көліктер қоршаған ортаға зияны жоқ Еуро-5 экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген.
Қоғамдық көліктерде төлем жасаудың онлайн әдісін жүзеге асыратын құрылғылар орнатылған. Солардың бірі – «AlemРay» электронды төлем жүйесі. Сала мамандарының айтуынша, жолаушылардың электронды түрде төлем жасауы бұл – көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Сондай-ақ, бұл құрылғылар жолаушыларды тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*