ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БИЫЛ ЕКІ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» АШЫЛАДЫ

Түркістан облысында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 білім ұясы халық игілігі үшін қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Оның екеуі Түркістан қаласында бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асады. Ұлтық жоба аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында салынып жатқан мектептердің құрылыс алаңдарында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Құрылыс басында мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма міндеттеді. Кедергілер орын алған жағдайда, дер кезінде хабарлап, әрекет етуді тапсырды.
Алдымен, облыс әкімінің орынбасары облыс орталығында салынып жатқан 2000 орындық жайлы мектептің құрылыс қарқынын тексерді. Бұл мектеп қаладағы №42 көшеде 4 гектар аумақта орналасқан. 4 қабатты нысанның құрылысын «Каратас Майнинг» ЖШС қолға алған. Ғимараттың жалпы ауданы – 20 147 м². Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қыркүйек айында басталған. Оқу ордасын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Түркістандағы «Яссы» шағынауданында салынып жатқан 1200 орындық білім ошағының құрылысын «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ жүргізіп жатыр. Құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында басталған нысанды биыл жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 49 000 орын) іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді.
Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға жұмыстың сапасына баса назар аударуды, жұмыстарды белгіленген кестеден кешіктірмеуді, қажет болған жағдайда, жұмыс күшін арттыруды міндеттеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*