Түркістан өңірінде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды. Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауыл округі, Темірлан елді мекеніндегі 1 қабатты, 2 пəтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысымен, қазіргі жай-күйімен танысты. Мердігері – «Берен» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Tulpar Building Group» ЖШС. Үйлердің құрылысы өткен жылы басталып, биыл аяқталған. Жалпы алаңы – 750 шаршы метр болса, 1 үйдің аумағы – 62,5 шаршы метр.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында да тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 88 пәтер кілті табысталды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, пәтер иелеріне ізгі ниетін білдірді.
– Бүгін сіздермен ерекше қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 6 жыл толды. Осы айтулы мереке аясында бүгінгі іс-шараны жоспарлаған болатынбыз. Бұл үйлерді кәсіпкерлер нарыққа сатамыз деп салған болатын. Біз бюджеттен қаржы тауып, кәсіпкерлермен келісіп, үйлердің бағасын төмендетіп, арнайы сатып алдық. Сөйтіп шаһардағы мұқтаж азаматтарға беру туралы шешім қабылдадық. Көріп тұрсыздар, үйлер мен ауласы өте ыңғайлы, әдемі. Айналасын таза ұстау өз қолдарыңызда. Мұндай үйлер қаламызда бұрын берілмеген. Сіздермен бірге өзіміз үй алғандай қуанып жатырмыз. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тұрғындарды баспанамен қамту тапсырмасы аясында атқарылып отыр. Өңірімізде баспанамен қамту шаралары бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Үйлі болғандар саны артуда. Солардың қатарында сіздер де бүгін баспанаға қол жеткізіп отырсыздар. Құтты болсын! Шаңырақтарыңыз берекелі әрі бақытқа, шаттыққа толы болсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Элиталы болып саналатын үш қабатты «Яссауи» тұрғын үй кешенінің аумағында балалар ойын алаңшасы, көлік тұрағы бар және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Пікір қалдыру