ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысының бірқатар аймақтарында ауыз су мәселесі өзекті. Кейбір аумақта табылған су тартылып кетсе, енді бір аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары нәтиже бермеуде.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірді инфрақұрылыммен, ауыз су мен газбен қамту мәселелерін қарайтын штабтың кезекті мәжілісін өткізді. Осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
– Ауыз сумен газға қатысты жобаларды уақтылы әрі сапалы аяқтау керек. Әр апта сайын әр нысан мен жобаны талқылап қана қоймай, ауылдар мен елді мекендерге арнайы барып, мердігерлердің жұмысын қадағалау маңызды. Мониторинг жұмысы тұрақты жүргізілсін. Ауыз су мен газға қатысты мәселеде қателесуге болмайды, – деген Зұлпыхар Жолдасов жауапты басқарма басшысы мен өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Штаб отырысында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің, әр салаға жауапты бөлім басшыларының есептері, ұсыныстары тыңдалды. Жұмысты ширату жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде ауыз су, газ, сапалы электр қуатымен қамту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Былтыр өңірдегі «сақалды құрылыстардың» мәселесі шешілді. 2024 жылы 86 газ нысанының құрылысына қаржы бөлініп, оның ішінде 48 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі. Өңірде жерасты су көздерін іздеу, барлау жұмыстары жүруде.
Жалпы, елді мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасады.

Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.

“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді Президент.

Түркістан қаласын дамыту ісінде ең алғаш болып назар салатын салалардың қатарына ауыз су, ағын суды тиімді пайдалану мәселелері күн тәртібінен түспейтіні анық.Ол үшін жергілікті билік аталмыш бағыттарда мүмкіндігіне қарай қызметін атқарып келеді.Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізді. Ол суды үнемдеу технологияларының тым баяу енгізіліп жатқанын мәлім етті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*