СОЗАҚТА ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР КӨШЕРЕЛГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

Өткен жылы ауданда әр сала бойынша түрлі жобалар іске асырылды. Биыл аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан ауқымды жобалар аяқталып, ел игілігіне ұсынылады. Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу және Қарабұлақ елді мекендеріндегі ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.
Сонымен қатар, Созақ ауданының орталығында 5 шақырымға жуық ішкі көшелеріне асфальт төселіп, бірқатар көшелердің ажары арта түспек. Өткен жылы аудан бойынша 34,1 шақырымдық 29 көшеге асфальт төселген. Сондай-ақ, 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында, ал 1,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджет есебінен жол төселген. Нәтижесінде Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі жолдары 100 пайыз асфальт жолмен қамтылған. Бұл бағытта жұмыстар биылғы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 34 көшесіне асфальт жабындысы төселмек.
Сондай-ақ аудан аумағынан өтетін облыстық маңызы бар күре жолдардың да жөндеу жұмыстары жалғасуда. «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» жолының Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары биыл толық аяқталады деп жоспарлануда.
Жалпы аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырымы — облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы — аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы — елді мекендердің ішкі жолдары.
Айта кетейік, аудан орталығының ішкі көшелеріне де орташа жөндеу жұмыстары және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды инфрақұрылымдық жобалардың қарқыны арта түспек. Жеткіншек елді мекеніндегі Шәкен Айманов, Кенесары, Әл-Фараби көшелері мен аудан орталығындағы Сиязбеков, Асқанбеков, Атауы жоқ №1-ші, Атауы жоқ №2-ші, Кеңесбаев, Темирбекова, Мұханов, Жамбыл, Ш.Қалдаяқов, Тастанова, Теріскей және Жынысбаев көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, Абай елді мекенінің орталық екі көшесі мен аудан орталығындағы 24 көше түнгі жарықшаммен қамтылады. Біресек каналы ағымдағы жөндеуден өтіп, жоспарға сай жұмыстар атқарылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*