Түлкібас ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Қадірбек арнайы барып, аймақтағы ауылшаруашылығы және туризмды дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Алдымен Амангелді ауылындағы форель балығын өсірумен айналысатын «Амангелді» шаруа қожалығында болды. Былтыр 13 бассейнге 45 мың форель шабағын жіберген кәсіпкер, бүгінгі таңда алғашқы өнімін Шымкент қаласына және аудан тұрғындарына келісін 3 мың мен 3 мың 500 теңгеден өткізіп отыр. Алдағы уақытта қожалық сазан, ақ амур және дөнмаңдай балықтарын да көбейтуді жоспарлауда. Сазан шабақтарының алғашқысын жасанды көлге жіберіп үлгерген.
Келесі кезекте Сенатор Майтөбе ауылындағы «Мөлдір» шаруа қожалығына табан тіреді. 1999 жылы құрылған қожалықтың 616 га жері бар. Оның ішінде жүзім, алма, шие (черешня), егістігі. 2015 жылы серіктестік 110 га жерге қарқынды алма бауын отырғызған, қазіргі мерзімге өнімін жинауда. Сондай-ақ 2021 жылы Түркия мемлекетінен шиенің (черешня) мол өнім беретін көшеттерін алып келіп отырғызған. Бүгінгі таңда сыйымдылығы 3 мың тоннаны құрайтын жеміс-жидек сақтайтын қойма салу жоспарлауда.
Іссапар «Түлкібас жеміс-жидектер» кооперативінде жалғасты. Жалпы аумағы 2200 шаршы метрді құрайды. Нысан кәсіпкердің өз қаржысы мен мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінен, қалғаны жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылуда. Мұнда алмадан дайын ыдыстағы шырын, кептірілген жеміс, кептірілген алма ұнтағын және балалар тағамын (пюре) өндіру жоспарлануда. Кәсіпкер шикізатты да өзі өндірмек. Яғни, өзінің 360 гектар алма бауынан шыққан өнімінің сақтауға жарамай қалған бөлігін осы өндіріске жіберсе, қалғаның аудандағы басқа да бағбандардан жинамақ. Қазіргі таңда негізгі нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Алдағы күндері шатырын жабу және іші, сыртын әрлеу жұмыстары атқарылуда. Өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Мұрат Болатұлы Түлкібас ауданына іссапарын «Ақсу-Жабағылы» шипажайында тәмәмдады. Бүгінгі таңда модернизациядан өтіп жатқан елімізге танымал емдеу-сауықтыру шипажайының жобасының жалпы құны 2 млрд.теңгені құрамақ. Ол жер заманауи емдеу-сауықтыру орындарымен қатар 250 төсек орынға шақталған 4 жұлдызды қонақ үй стандартына сай ғимарат бой көтеруде. Сөйтіп, шипажайдың адам қабылдау қабілеттілігі екі есе артып, 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы болмақ. Сонымен қатар жаңартылған шипажай заманауи құрылғылармен толығып, физиотерапия емдерінің түрлері артып, ағзаны саумалмен емдеу тәсілі қосылмақ.
Нысандарды аралау барысында Мұрат Болатұлы кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныстарды назарға алып, қолдау көрсетілетіндігін жеткізіп, жүргізіп жатқан істеріне сәттілік тіледі.
Пікір қалдыру