«ДАРБАЗА-МАҚТААРАЛ» БАҒЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛСА ЖҮК ТАСЫМАЛЫ АРТАДЫ

ҚТЖ басшысының орынбасарының мәліметінше, қазіргі уақытта Пәкістан арқылы Үндістанға темір жол құрылысын салу талқыланып жатыр. Ал Дарбаза – Мақтаарал желісін іске қосу Қазақстанның осы стратегиялық маршрутты дамытуға қосқан елеулі үлесі болады.

“Біз жүк ағыны қосымша 10-14 млн тоннаға артады деп болжап отырмыз. Ал болашақта 20-25 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Бұл учаске Ташкент торабын айналып өтіп, екі бағытта да жүктерді тезірек тасымалдайды”, – деп толықтырды Әлмағамбетов.

Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте “Сырдария” станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Руддаут – Мақтаарал желісі салынады. Содан кейін Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармақтары пайдалануға беріледі.

Барлығы 152 км теміржол төселеді. Жоба аясында 3 400 адам екі қолға бір күрек табады. Негізі жұмыстың 85%-і Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Бірлескен жобаның басты артықшылығы – сауданы кеңейту, жүк тасымалын жеңілдету, дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов sputnik.kz сайтына жарияланған мәліметте.

“Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Қазақстанға көптеген тауар әкелінеді, сол сияқты біз де оларға экспорттаймыз. Қазақстаннан Өзбекстанға транзит өте жоғары және бұл сауданың өсуін күшейтеді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын ұлғайтады”, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, барлық тарап үлкен көлемде сауда жасау үшін жаңа экспорттық жолдар салуға мүдделі.

“Мен жаңа теміржолда жолаушылар ағыны артады деп ойлаймын, сонымен бірге логистика жақсарады. Қазақстанның оңтүстігінде барлық тауар бір шекара пункті арқылы өтетіндіктен жүк ағыны баяулайды. Сондықтан оңтүстік өңірлер үшін жүктерді баламалы бағыттар бойынша жөнелту өте маңызды”, – деп есептейді Рысмамбетов.

Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі көлік-логистикалық әлеует есебінен артып келеді, дейді сарапшы. Сондықтан Қазақстанның негізгі міндеті – елдер арасындағы сауда мен логистиканы жақсарту.

“Менің ойымша, жоба бірнеше жыл ішінде өз жемісін береді. Себебі отандық шағын, орта және ірі бизнес Өзбекстан нарығына қол жеткізе алады. Ал бұл 35 млн адам. Біз көрші болсақ та, елдер арасында логистика нашар: қоймалар аз, шекара өткелдері аз”, – деп қосты ол.

Сарапшы тәуекелдердің барын да жасырмады.

“Теміржол өте қымбат болады. Оны қаржылық заң бұзушылықтарға жол бермей құру керек. Естеріңізге сала кетейін, мысалы “Досжан” темір жолының сметасы уақыт өте келе артып келеді, бұдан да басқа мысалдар бар”, – дейді спикер.

Сарапшының пікірінше, республика көлік пен логистиканы дамытуға көбірек инвестиция салуы керек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*